Басты Жаңалықтар Астанада жазғы спорт маусымы ашылды

Астанада жазғы спорт маусымы ашылды

Астанада жазғы спорт маусымы салтанатты түрде ашылды. 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні аясында және «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын іске асыру шеңберінде спорт фестивалі өтті. Шараға 6 жас пен 93 жас аралығындағы қала тұрғындары мен қонақтары қатысты.
Астаналықтар таң сәріден триатлон паркіне жиналды. Бірі жарыс жолына өзі дайындалса, тағы бірі балаларын спорт алаңына бастап келген. Биыл 5 шақырымдық қашықтыққа 2 мыңнан астам адам тіркелген. Солардың бірі Марат Баукенов. 70 жасқа аяқ басса да әлі тың, ширақ. Салауатты өмір салтын серік етіп, өзгелерге де үлгі болып жүр.
Марат Баукенов, Зейнеткер:
Зейнеткерлерге айтамын үйде отырмаңдар деп. Далаға шығыңдар, жүріңдер деймін. Велосипед тебіңдер. Денсаулығыңыз мықты болады.
Фестивальде ең ерекше қатысушылардың бірі – гуманоид-робот болды. Ол тек қонақтардың назарын аударып қана қоймай, жұртпен бірге жарыс жолына шықты.
Сондай-ақ қатысушылардың арасында 9 балалалы отбасы, 93 жастағы кейуана да бар.
Бекнұр Тәңірберген, қала тұрғыны:
Жарыс әдемі өтті. Өзім негізі спортшы емеспін. Бірақ осы марафондарға жиі қатысып тұрамын. Келешекте 10-20 шақырым өтуге тырысамын.
Шараның ұйымдастырушылары қалалық спорт басқармасы мен Алматы аудандық әкімдігі бұл тек бастамасы, жаз маусымына бірнеше жарыс және тұрақты жаттығу шаралары жоспарланған, - деп отыр.
Ержігіт Өсербай, қалалық Спорттық бұқаралық іс-шараларды өткізу дирекциясы басшысының орынбасары:
Алдағы жоспарда триатлон саябағында, ботаникалық және басқа да саябақтарда тегін түрде жаттығулар қарастырылған. Йогадан, скандинав жүгірісінен, сонымен қатар жекпе-жектен жаттықтырушылар тегін түрде сабақтар өткізетін болады.
Фестиваль аясында жүгіру, футбол, волейбол, баскетбол, гір көтеру және кермеге тартылудан жарыстар өтті. Концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, лотерея жеңімпаздарына бағалы сыйлықтар табысталды.

Бөлісу