Басты Жаңалықтар Сенат бұралқы иттерге қатысты заң жобасын Мәжіліске қайтарды

Сенат бұралқы иттерге қатысты заң жобасын Мәжіліске қайтарды

Сенат қоғамда үлкен талқы тудырған бұралқы жануарларға қатысты даулы норманы қолдамады. Мәжіліс мақұлдаған заң жобасында уақытша ұстау пунктіне жеткізілген қаңғыбас жануардың иесі бес күн ішінде табылмаса, оған эвтаназия жасау қарастырылған еді. Алайда сенаторлар бұл бастаманы қолдамай, бұған жергілікті мәслихат пен қоғамдық пікір ескерілуі қажет деген ұстаным білдірді. Толығырақ тілшіміз Оңғар Алпысбайұлы баяндайды.
Қазақстанда соңғы төрт жылда 1 миллионнан астам бұралқы ит ауланған. Ресми дерекке сәйкес, осы кезеңде 155 мыңнан астам адам қаңғыбас иттердің шабуылына ұшыраған. Ал олармен күреске бюджеттен 14 миллиард 500 миллион теңге жұмсалған. Бірақ қаржының өңірлер арасында біркелкі бөлінбеуі мен оның тиімді игерілуіне қатысты күмән бар дейді депутаттар.
Сәкен Арубаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

Соңғы жылдары елімізде жануарларға қатысты мәселелер әлеуметтік желідегі пікірталас аясынан шығып, қоғамдық қауіпсіздікке тікелей әсер ететін өзекті мәселеге айналды. Бұралқы жануарлардың көбеюі адамдарға шабуыл жасау деректері сондай-ақ жануарларға қатігездік көрсетуге байланысты резонансты оқиғалар бұл кездейсоқ емес жүйелі сипат алғанын көрсетті.
Бүгінде елде иесіз жануарларды аулау, стерильдеу, вакцинациялау және қайта табиғи ортаға жіберу тәжірибесі қолданылады. Дегенмен бұл тәсіл барлық өңірде бірдей нәтиже бермеген. Мәселен, Астанада ұсталған иттер қайта босатылмайды. Сарапшылар мұның қаладағы қауіпсіздік деңгейіне оң әсер еткенін айтады.
Нұркен Шәрбиев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің вице-министрі:
Соңғы 3 жылда Алматыда 22 мың ал Астанада 23 мың ит ұсталған. Тек Алматыда барлық процедура жүргізілгеннен кейін иттер қайта босатылады. Осы уақыт аралығында Алматыда бұралқы иттер 7 мың адамға шабуыл жасаса, Астанада 600 адамды ғана қапқан.
Сенат ұсынған түзетулерге сәйкес, эвтаназия тек иесінің жазбаша өтінішімен немесе жануар адамға қауіп төндірген, шабуыл жасаған жағдайда ғана қолданылмақ.
Арман Өтеғұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Эфтаназияны көшеде жүрген бұралқы иттерді реттеуге пайдаланбайды. Бұралқы біздің өзгерістеріміздің біреуі сол жергілікті атқарушы органдарға береміз. Әрбір облыстың орталығы, әрбір аудан, әрбір елдімекенде облыстық мәслихаттың шешімімен қабылданатын болады. Біздер оларға көрсетіп отырған жоқпыз. 5 күн, 15 күн, 20 күн деп.
Яғни, енді ұсталған иесіз жануарларға қатысты нақты алгоритмді жергілікті атқарушы органдар дербес айқындайды. Жалпы Сенат заң жобасының 6 бабына түзету енгізді. Оның ішінде эвтаназия мәселесінен бөлек, иесіз жануарларды есепке алу, иелерінің жауапкершілігін күшейту, жануарларды тіркеу және бақылау тетіктерін жетілдіру нормалары бар.
Сонымен, қоғамда қызу талқыланған норма қайта қаралып, өзгерістер енгізілетін болды. Өйткені жануарларға деген көзқарас – адамгершіліктің айнасы. Депутаттардың пікірі осыған саяды. Дегенмен, заңда нақты жазылмағанымен жануарларға қатысты соңғы шешімді жергілікті маслихаттар қабылдайтын болды. 


Бөлісу