Ормуз дағдарысы Орта дәліздің маңыздылығын арттырды
Еуропалық Одақ Қазақстанмен транзит, көлік және логистика саласында ынтымақты күшейтіп, «Транкаспий» халықаралық көлік маршрутын дамытуға ниетті. Брюссельде өткен басқосуда Орта дәліздің стратегиялық әлеуеті талқыланды. «Қазақстан-Еуропалық Одақ Жаһандық қақпа» бірлестігі ұйымдастырған жиынға Еуропалық институт өкілдері, Еуропарламент депутаттары мен көлік және логистика саласындағы компания жетекшілері қатысты.
Транскаспий халықаралық көлік бағыты Қытайдан Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия арқылы Еуропаға тауар тасымалдаудың таптырмас алаңы. Дәл осы бағытпен еуропалықтар да өзінде барды Азия нарығына шығарады. Геосаяси ахуалдың ушығуы, Ормуз дағдарысы Орта дәліздің стратегиялық маңызын онан сайын арттырды, дейді еуропалық сарапшылар.
Годфрид Шмит, еуропалық жүк жөнелтушілер кеңесінің бас хатшысы:
Ормуз бұғазындағы жағдай қазір өте күрделі. Әсіресе энергиямен жабдықтау үлкен қиындық туғызуда. Бұл дағдарыс ұзаққа созылатын болса, балама порттардың, Орта дәліздің тиімділігі арта түсетіні сөзсіз.Марат Тертеров, Брюссель энергетикалық клубының сарапшысы:
Қытайдан Еуропаға Үнді мұхиты, теңіз жолы арқылы жүк тасымалдауға 30-45 күн уақыт кететін болса, Орта дәлізбен ол жүк 20 күнде жетеді. Яғни, Қытайдан Қазақстан арқылы Еуропаға жүк жеткізу жолды 40 пайызға қысқартады. Уақыт-ақша екенін білетін кәсіпкер үшін Орта дәліз маңызды.«Қазақстан теңізге шығатын жолы жоқ мемлекет болғанмен құрлық арасын осы Орта дәліз арқылы жалғап, Транскаспийді дамытуда көшбасшылық танытты», - дейді Еуропарламент депутаттары. Елдің көлік инфрақұрылымын, Каспий теңізіндегі екі портты жаңғыртуға ауқымды инвестиция салғанын еуропалық сарапшылар жоғары бағалап отыр.
Пьер Боргольц, Ferrmed қауымдастығының кеңесшісі:
Біз Қазақстанның Орта дәлізді бизнес пен экономикалық қатысушыларға сенімді әрі тиімді ету үшін бар күш-жігерін жұмсап жатқанын байқап отырмыз. Осы арқылы елдеріңіз аймақтағы тұрақтылықты, дамуды қамтамасыз етіп отыр.Орта дәлізді дамыту үшін Қазақстан «Мойынты – Қызылжар» жаңа теміржол желісін салуда. Басқосуда баяндама жасаған еліміздің Бельгиядағы елшісі Роман Василенко жиналғандарды осындай жобаларға инвестиция құюға шақырды. Жүк тасымалын цифрландыру, мультимодальды көлік тораптарын дамыту үшін халықаралық ынтымақтастықты күшейту қажеттігін айтты. Еуропалық сарапшылар, «Транскаспий-балама бағыт емес, болашақта ЕуроАзияның басты дәлізіне айналатынына сенімді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы