Басты Жаңалықтар Екі жылда энергетика саласындағы мамандардың жалақысы 40% өскен

Екі жылда энергетика саласындағы мамандардың жалақысы 40% өскен

Соңғы екі жылда энергетика саласындағы мамандардың жалақысы 40 пайызға өскен.  Бұл туралы «AMANAT» партиясының Кәсіпкерлер қанаты, энергетика саласының өкілдерімен кездесуінде айтылды. Жиында тариф саясатын жетілдіруден бастап, маман тарту мәселелері талқыланды. Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов энергетика елдің тұрақты дамуы үшін стратегиялық маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде салада жүйелі жаңғырту жүріп жатыр. Осы бағытта жаңа қуат көздерін іске қосу, желілерді жаңарту және техникалық бақылауды күшейту жұмыстары қолға алынған. Энергетика министрлігінің дерегінше, елде 245 энергия көзі бар, оның 166-ы – жаңартылатын энергия нысандары. 2035 жылға дейін электр қуатын 26 Гигаваттан асыру жоспарланған. Бұл ішкі сұранысты толық қамтамасыз етіп, тұрақты энергия қорын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы, «Amanat» партиясының төрағасы:

Біз бүгін осы саладағы негізгі мәселелерді қарастырдық. Үкімет жағдайды реттеу үшін жүйелі шаралар қабылдап жатыр, бұл жұмыс Мемлекет басшысының тікелей бақылауында. Инвестиция тартуға қолайлы орта жасау, нақты әрі болжамды ережелер енгізу және қаржының қайтарымын қамтамасыз ету маңызды. Сонымен бірге халық мүддесі де басты назарда: тариф саясатының әділдігі, әлеуметтік тұрақтылық және азаматтарға атаулы қолдау көрсету қажет. Бүгін көтерілген барлық мәселелер партияның тұрақты бақылауында болады.
Бөлісу