Басты Жаңалықтар Жазғы маусымда 2 миллионнан аса турист келуі мүмкін

Жазғы маусымда 2 миллионнан аса турист келуі мүмкін

Қонаев қаласына биыл жазғы маусымда 2 миллионнан аса турист келеді деп жоспарланып отыр. Осыған байланысты бір ай бұрын Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Алматы облысындағы туристік нысандарды аралап, дайындық барысын тексерген еді. Санитарлық тазалық, қауіпсіздік, медициналық көмек, құтқару және құқық қорғау салаларына баса мән беруді тапсырған. Содан бері қандай өзгеріс болды? Қуан Нұрақынның материалы.

Қуан Нұрақын, Тілші:

Жағалаудағы абаттандыру жұмыстары 10 наурыз күні басталған. Бас мердігер компания 1 маусымға дейін жұмыстарды толық аяқтаймыз деп уәде беріп отыр.

Қапшағай су қоймасы жағалауында биыл ірі жаңғырту жұмыстары қолға алынған. Жоба аясында демалыс аймағы жаңарып, кәсіпкерлерге арналған сауда орындары мен келушілерге қызмет көрсететін нысандар салынбақ.

Әлиасқар Ғибатулла, Бас мердігер компанияның өкілі:

Экспертизадан шыққан бағасы бізде 1,7 млрд болды. Бұл жердің аумағы 680 метр. Бұл жерде бізде визит центр ең бірінші тұрған. Одан кейін 55 кәсіпкерлерге арналған орындар бар. Жоспарлап отырмыз бірінші маусымға дейін бітіруге.

Ал қала әкімдігі былтырғы кемшіліктер ескерілгенін айтады. Құтқару бекеттері мен санитарлық нысандар саны да артқан.

Дархан Батырша, Қонаев қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы:

Қазір біз тұрған 5-ші жағажайда қауіпсіздік бойынша жасанды интеллект арқылы 21 камера орнатылған. Құтқарушыларға арналған 12 құтқару бекеті бар. Әрқайсысында екіден, яғни 24 құтқарушы отырады. 20 санитарлық орын жұмыс істеп тұр.

Абаттандыру жұмыстары әлі де жалғасады. Алдағы уақытта 2 миллионнан аса демалушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеті тұр.

Бөлісу