Көкшетауда «Шоқан оқулары – 2026» конференциясы өтіп жатыр
Көкшетауда «Шоқан оқулары – 2026» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясы өтіп жатыр. Оған АҚШ, Канада, Польша, Ресей және Эстония, Башқұртстаннан келген ғалымдар қатысуда.
Осымен 30-шы рет өткізіліп отырған конференцияда қазіргі ғылым мен білімнің өзекті мәселелері талқыланды. Бұл ретте ғалымдар шығыс халықтарының мәдениеті мен тарихын, географиясын зерттеген қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың еңбектеріне сүйенеді. Қашқарияға сапарымен әлемге танылған ғалымның еңбектеріне шетелдіктердің қызығушылығы жоғары. Шоқан қазақтың аңыз-әңгімелерін, дәстүрін, мәдениетін кешенді түрде зерттеді. Тіпті алғаш болып «қазақ» этнонимінің шығу төркінін зерделеп, «Қазақ шежіресі» деген үлкен еңбегін мұра етті ,- дейді ғалымдар.
Роза Буканова, тарихы ғылымдарының докторы /Башқұртстан/:
Шоқан Уәлиханов – әлемдік деңгейдегі тұлға. Оның ғылыми мұрасы қазақ үшін ғана емес, барша түркі халықтары үшін үлкен қазына. Сондықтан қазір оның еңбектеріне қызығушылық зор. Мәселен менде оның 50-ші жылдары баспадан шыққан 5 томдық еңбектерінің жинағы бар. Оның жазған шежіресі қандай! Бұл түркі халықтарының тарихы тереңде екенін дәлелдейтін құжат.
«Шоқантану» саласында әлі де проблемалар, әлі де зерттелмеген өзекті мәселелер көп. Яғни Шоқанның туған жері, Шоқанның өмірден өтуі, Шоқанның Петербургтағы өмірі, Шоқанның Қашқариядағы өмірі, Шоқан Парижге барды ма деген сияқты әлі де ғалымдар арасында нүктесі қойылмаған сұрақтар бар. Сондықтан Шоқантану ол мәңгілік тақырып деп ойлаймыз.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы