Басты Жаңалықтар Оралда жылу, су, электр желілерін жаңғыртып жатыр

Оралда жылу, су, электр желілерін жаңғыртып жатыр

Оралда жиі апат болатын жылу құбырлары қайта жаңғыртылып жатыр. Әбден тозған су, электр желілерін қалпына келтіру де қолға алынды.

Қаланың қақ ортасындағы жылу магистралі 40 жыл бұрын салынған. Шұрық-тесік боп тозған құбырда апат жиі болатын. 1,8 шақырымдық желі 5 мың абонентті жылу және ыстық сумен қамтиды.

Бақытжан Әкімғожин, «Жайық жылу қуат» АҚ бас директоры:

Өзіміздің күшімізбен әр жерден шыққан ақауларды жөндеп келдік осы уақытқа дейін. Енді қазір осы ұлттық жоба аясында осы магистральды толығымен реконструкция жасап жатырмыз. Жобаның жалпы құны – 2,5 млрд теңге. Толығымен пенополиуретан деген алдын ала оқшауланған құбыр болады.

Өңірде Энергетика және коммуналдық секторды жаңғырту ұлттық жобасы аясында жылу, су, кәріз, электр желілері қайта жаңғыртылып жатыр. Биыл құны 21 млрд теңге болатын 9 жоба бойынша құрылыс-монтаж жұмысы қолға алынды. Зачаган кентіндегі №29 кәріз-сорғы стансасының құрылысы күзде аяқталмақ.

Мирас Зеріпбаев, Премьер-министр орынбасарының кеңесшісі:

Мұндай ұлттық ауқымды жоба ешқашан Қазақстанда болған емес. Бірінші жоба бұл. Екібастұзда үлкен апатты жағдай болды. Сондай жағдайлардың алдын алу мақсатында ұлттық жоба қазір негізді әрі өте өзекті мәселе болып тұр. Қазір Қазақстан бойынша шамамен 500-ден астам жоба 1,4 трлн теңгеге өтінім берілді.

Ұлттық жоба аясында облыс орталығы мен 44 ауылда электр желілері жөнделіп жатыр.


Бөлісу