Басты Жаңалықтар ОПЕК-ке соққы: БАӘ ұйымнан шығатынын мәлімдеді

ОПЕК-ке соққы: БАӘ ұйымнан шығатынын мәлімдеді

Мұнай нарығында күтпеген жаңалық. Біріккен Араб Әмірліктері ОПЕК пен ОПЕК+ ұйымынан шығатынын жариялады. Бұл шешім Мұнай экспорттаушы елдер ұйымының болашағына, мұнай бағасына және Сауд Арабиясының ықпалына қалай әсер етеді? Әріптесім Арай Төлегенқызы жауап іздеді.

Біріккен Араб Әмірліктері 1 мамырдан бастап ОПЕК пен ОПЕК+ ұйымынан шығатынын мәлімдеді. Бұл шешім мұнай нарығында ғана емес, Таяу Шығыстағы саяси тепе-теңдікте де елеулі өзгеріс әкелуі мүмкін. Себебі БАӘ - ұйымдағы ірі өндіруші елдің бірі. Ресми Абу-Даби бұл қадамды елдің ұзақ мерзімді экономикалық стратегиясымен түсіндірді. Әмірліктер мұнай өндірісін икемді басқаруды, нарық сұранысына жедел жауап беруді және энергетика саласына инвестицияны күшейтуді көздейді. Яғни енді ОПЕК-ке тәуелді болмай, өз өндірістік мүмкіндігін толық пайдаланғысы келеді.

Хорхе Леон, сарапшы:
Бұл жерде екі негізгі себеп бар. Біріншісі – БАӘ өндірісті жылдам арттырып, жоғары табыс табуды көздейді. Екіншісі – мұнайға жаһандық сұраныс алдағы онжылдықтарда шегіне жетіп, төмендеуі мүмкін. Сондықтан ресурсы бар елдер оны қазірден тиімді пайдалануға тырысады.
Сарапшылардың айтуынша, БАӘ соңғы жылдары мұнай инфрақұрылымына миллиардтаған доллар құйып, өндірістік қуатын арттырды. Қазір ел тәулігіне 5 миллион баррельге дейін өндіре алады. Ал іс жүзінде шамамен 3,5 миллион баррель өндіріп отыр.
Хорхе Леон, сарапшы:
Ормуз бұғазы қайта ашылғаннан кейін БАӘ өндірісті барынша өсіріп, барлық бос қуатын іске қосуы мүмкін. Бұл орта мерзімде нарыққа қосымша мұнай келеді дегенді білдіреді.
Ал қысқа мерзімде әсері шектеулі болуы ықтимал. Себебі Иранмен шиеленіске байланысты Ормуз бұғазы маңында мұнай тасымалы тоқтап тұр. Әлемдік мұнайдың бестен бірі дәл осы бұғаз арқылы өтеді. Сондықтан қосымша өндірісті нарыққа шығару әзірге қиын. Алайда ұзақ мерзімде БАӘ-нің кетуі ОПЕК үшін әлдеқайда ауыр соққы болуы мүмкін. Өйткені ұйымның нарыққа ықпал ету тетігі – өндірістік қуат. Яғни қажет кезде тез іске қосылатын резервтік мүмкіндігі. Ал мұндай әлеует негізінен Сауд Арабиясы мен БАӘ-де болған.
Хорхе Леон, сарапшы:
БАӘ – ұйымдағы аса маңызды ойыншы. Оның қолында ұйымдағы бос қуаттың шамамен үштен бірі бар. Сондықтан бұл қадам ұйым бірлігіне соққы болуы мүмкін.
Енді басты назар Сауд Арабиясына ауып отыр. Осы уақытқа дейін корольдік ОПЕК-тің бейресми көшбасшысы әрі мұнай нарығының «орталық банкі» саналып келді. Баға құлдыраса, өндірісті қысқартып, тапшылық туса, көлемді арттырып отырды.
Хорхе Леон, сарапшы:
Егер БАӘ өндірісті арттырса, бұл әлемдік нарыққа қосымша ұсыныс әкеледі. Ал қосымша ұсыныс көбіне бағаны төмендетеді. Мұндай жағдай кейбір экономикаларға, соның ішінде АҚШ-қа тиімді.
ОПЕК 1960 жылы мұнай экспорттаушы елдердің мүддесін қорғау және әлемдік нарықтағы бағаны тұрақтандыру мақсатында құрылған. Ал 2016 жылдан бастап Қазақстан мен тағы бірнеше ел қосылып, ОПЕК+ форматы пайда болды. Осылайша альянс әлемдік мұнай өндірісінің жартысына жуығын бақылап, нарықтағы ең ықпалды құрылымдардың біріне айналды. Сарапшылардың бағалауынша, БАӘ-нің шешімі – жай ғана ұйымнан шығу емес. Бұл мұнай дәуірінің жаңа кезеңінде елдер ортақ мүддеден гөрі ұлттық мүддеге басымдық бере бастағанын көрсетеді.


Бөлісу