Басты Жаңалықтар Отырар ауданында шибөрі қыз баланы талаған

Отырар ауданында шибөрі қыз баланы талаған

Түркістан облысының Отырар ауданында шибөрі ауыл тұрғындарына шабуыл жасап, үш адамды жаралаған. Денесін жыртқыш талап тастаған 4 жасар қыз қазір аудандық ауруханада жатыр. Қазіргі уақытта ауыл тұрғындары жабайы аң тағы да шабуылдай ма деп үрейленіп отыр. Айнұр Әбілқасымқызы тарқатады.
Бұл күні кеше Ескі шілік ауылында болған жағдай. Елді мекеннің шетінен келген шибөрі алдымен үйінің ауласында отырған 15 жастағы жасөспірімнің аяғына шап берген. Жан дауысы шыққан бала ешкім көмекке келмеген соң өздігінше әрекет жасап құтылыпты.
Ит па деп қарасам аяққа жабысып қалды. білдім ғой ит емес екенін. келді да жабысып қалды. Біраз айқайлап көмек сұрадым. Бірақ ешкім келмейтінін біліп, 5 минуттай мойнынан қысып ұстадым да талдырдым екі минутқа. Үйге қарай қаштым.
Жабайы жыртқыш мұнымен тоқтамай аулада ойнап жүрген балаларға шабуылдаған. Үлкендері қашып құтылғанмен 4 жасар Айым үлгере алмай қалған. Бүлдіршіннің екі қолы мен аяқтарын, кеудесіне дейін талап тастаған. Анасы әрең құтқарып қалыпты. Одан кейін басқа балаларға жүгіргенде жергілікті тұрғын Талғат Мыңбаев байқап қалып, шибөрінің шүйдесінен ұрып өлтірген.
Талғат Мыңбаев, Ескі Шілік ауылының тұрғыны:

Арғы жақтан атып шықты да балдарға қарай ұмтылып жүгірді. Сразу алдынан жүгірдім. Ол балдар үшін жанымды береміз ғой. Өзіме қарап секірді қарсы бара жатқанымда. Балдарды тістемесін дедім да мойнынан қылқындырдым. Сөйтіп басып тұрған кезімде қолымнан тістеп үлгерді.
Оқиға орнына дереу жедел жәрдем шақыртылып, жарақат алғандардың барлығы аудандық ауруханаға жеткізілген. 4 жасар бүлдіршіннің жарақаты ауыр болған соң ауруханаға жатқызылды. Ал жасөспірім мен жергілікті тұрғынға алғашқы көмек көрсетіліп, құтыру ауруына қарсы профилактикалық екпе алған.
Алмаз Дулатов, Отырар аудандық ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:
Құтыру белгілері жоқ. Есі анық, жағдайы жақсы, бірқалыпты. Сыворотка салынды, вакциналар салынды. Перевязкаға байланысты хирургиялық таңғыштар қойылды. Хаттамаға сәйкес ем қойылды.
Қазір ауыл тұрғындары көшеге шығуға қорқып қалған. Балалар түгілі ересектер аулада отырмайтын болдық деп қынжылады. Ал ауданның ветеринариялық қызметі шибөрінің өлексесін алып кетіп, зертханаға жолдағанын айтады.
Ербол Сейітқазы, Ветеринариялық қызмет МҚК Отырар аудандық филиалының басшысы:
Шибөрі жүрген жерлердің барлығы 630 шаршы метр залалсыздандырылды. Сонымен қатар ауыл тұрғындарымен бірлесіп, жұмысшы топ құрып, ауыл азаматтары елдің шетінде жүрген бірен саран жыртқыш аңдарды атып алды.
Жабайы аңнан құтыруға қарсы алынған сынаманың қорытындысы бір айда белгілі болмақ. Ал оған дейін жарақат алғандар да, олармен байланыста болғандар да дәрігерлердің бақылауында болады.

Бөлісу