Басты Жаңалықтар Зейнеткерлер ойын алаңын күтіп ұстап отыр

Зейнеткерлер ойын алаңын күтіп ұстап отыр

Ақтөбелік ерлі-зайыпты зейнеткерлер қала әкімдігі салып берген ойын алаңын үш жылдан бері күтіп ұстап отыр. Күн сайын аумақты сыпырып, қоқыстан тазартады. Айналасына ағаш отырғызып, оны суаруды да мойындарына алған. Осылайша «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясына ешқандай ұрансыз, ешкімнің айтуынсыз үлес қосып келеді.
Тұран елді мекенінде 2023 жылы «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша балалар ойнайтын аумақ пен футбол алаңы қатар салынған. Үш жыл өтсе де әр зат өз орнында тұр. Жәния Ерниязова сыпырғы мен қалағын алып, таңертең осында келеді. Зейнеткерлердің жанашырлығы мен еңбегінің арқасында ойын айналаның бәрі мұмтаздай таза.
Жәния ерниязова, зейнеткер:
Мен сыпырып, жинап беремін, шалып апарып төгеді. Асфальтқа дейінгі жердің бәрін өзіміз тазартамыз. Жас келсе де шаршамаймын. Айтып отырмын ғой, үйде шаршап қалсам, осында келемін. Балалар күліп, дауыстары шығып жатқанда мен қуанамын. Шаршағанымның бәрі басылады.
Ал сынған, бүлінген мүлікті Жақсан Әбденов дәнекерлеп, жөндеп қояды. Зейнеткердің айтуынша, ойын балалары тазалық сақтауға дағдыланып қалған. Алайда, кешкі мезгілде келетін жастардың арасында қоғам мүлкіне салғырт қарайтындары ара-тұра кездесіп қалады.
Жақсан Әбденов, зейнеткер:
Доп тепкен соң сварка кетіп қалады. Сол кезде істеп қоямын. Кейді екі-үшеуі кетіп қалса, қатарынан бір күнде істеймін.
Соңғы бес жылда тек Астана ауданының өзінде осындай 200 ойын алаңы қолданысқа берілген. Биыл тағы он бірі салынады. Өкініштісі, жанашыры жоқ жаңа нысандардың кейбірін аз уақытта вандалдар қиратып үлгерген.
Баянбек Қырықбаев, Астана ауданының әкімі:
Әрбір факт бойынша құқық қорғау орындарына хабарлама жібереміз. Тиісінше шаралар қолданылады, әкімшілік жауапкершілікке тартылып. Жөндеу жұмыстарын да қолға алып отырмыз. Биылдың өзінде 40 нысанға жөндеу жүргіземіз.
Қоғам мүлкін қызғыштай қорғап жүрген қариялар бұл істері үшін ешкімнен мақтау күтпейді. Ең бастысы – қала тазалығына үлес қосып, жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсетіп жүрміз дейді.

Бөлісу