Басты Жаңалықтар Бейжің автокөрмесі ашылды

Бейжің автокөрмесі ашылды

Бейжіңде жыл сайынғы халықаралық автомобиль көрмесі өтіп жатыр. Автосалонда көліктің мыңнан астам жаңа түрі назарға ұсынылған. Бұл өнімдердің кейбіреуі еліміздің нарығына жазда шығады. Тақырыпты Арай Төлегенқызы баяндайды.

Қытай астанасындағы шара көлемі жағынан әлемдік рекорд орнатты. 380 мың шаршы метр алаңға 1451 автомобиль қойылған.

Юрген Реерс, көрмеге қатысушы:

Бұл әлемдегі ең ірі автомобиль нарығы. Сондықтан трансұлттық корпорациялар немесе қытайлық автомобиль брендтері болсын, жалпы барлық автоөндіруші осы жерден орын алғысы келеді. Бәсеке өте жоғары.

Көрмеден ондаған жаңа модель мен концепт-кар көруге болады. Бұған қоса, электрлендіру, гибридті технологиялар, автономды жүргізу жүйелері мен жаңа буындағы корпус түрлері басты назарда. Бұрын тек болашақтың жобасы саналған технологиялар қазір күнделікті қолданысқа еніп келеді.

Фелипе Муньос, автосарапшы:

Қытайлық автоөндірушілер технология деңгейі арқасында инновацияны тез енгізеді. Бұрын бұл сала үшін таңсық жайт болатын. Жапондықтар 70-ші, ал кореялықтар 90-шы жылдары да инновациялық үлгілер көрсеткені белгілі. Алайда мұндай шапшаң емес еді.

Оның үстіне сала мамандарының айтуынша, Қытайда машиналар бағасы АҚШ нарығындағы жағдаймен салыстырғанда әлдеқайда төмендеді. Мысалы Құрама Штаттарда жаңа автомобиль орташа есеппен 51 456 доллар тұрады. Ал Қытайда осы ақшаға 5 электромобиль сатып алуға болады.
Инь Сюй, көрмеге қатысушы:
Қытайлық автомобильдер арасында әсіресе BYD көліктері назар аудартады. Олардың жақында шыққан аккумуляторы тез қуатталады әрі шығыны аз. Мысалы ол 1036 шақырым жол жүріп өте алады. Бұл өте көп. Электромобиль таңдағанда батарея қуатына көңіл бөлген жөн.

«Рейтер» агенттігінің дерегінше, бұл мемлекетте батареямен жүретін көлік модельдерінің түрі 200-ден асып отыр. Солардың ең көп сатылатын бес маркасының құны шамамен 12 мың доллардан басталады. Ал осы көрмеде көрсетілген көліктердің кейбіреуі Қазақстан нарығына жазда шығады.


Бөлісу