Басты Жаңалықтар Атырау облысында Қиғаш өзенін тереңдетіп жатыр

Атырау облысында Қиғаш өзенін тереңдетіп жатыр

Атырау облысында Қиғаш өзені мен оған қарасты арналар тереңдетіліп жатыр. Соңғы жылдары Құрманғазы ауылының ішімен өтетін өзектер тартылып, арнасы тарылған еді. Тіпті өзеннің Каспий теңізіне құяр сағасы да тым тайызданып кеткен болатын. Осыған орай аудан әкімдігі өткен жылы төтенше жағдай жариялап, қазір ұзындығы 130 шақырымдық арналардың түбі қазылып жатыр. Әріптесім Нұрсұлтан Нұрсейіт ауданға арнайы барып, жұмыстармен танысып қайтты.

Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:
Құрманғазы ауданында Каспий теңізінің тартылуы салдарынан тайызданған өзектерді қалпына келтіру бүгінгі күннің маңызды міндетіне айналды. Қазір біз Бұзауслан өзегінің жағасында тұрмыз. Мұнда тек тегістеу жұмыстары ғана жүргізілуде. Өйткені дәл қазір балықтың уылдырық шашатын кезеңі. Сондықтан негізгі аршу жұмыстары шілде айында жалғасады.
Арналарды қазып, жаппай тереңдету өткен жылы басталған еді. Бұған бюджеттен 24 млрд теңге қаражат бөлінген. Қазір оның 30 пайызы игеріліпті. Нәтижесінде 2 канал толық тереңдетіліп, қалған бесеуінде жұмыс жалғасып жатыр.
Жәнібек Жұмағұлов, мердігер мекеме өкілі:
Біз бастағанда жағдайы өте нашар болды. Қамыс өсіп кеткен. Өте тайыз болды. Кей жерлерінде су да жоқ десек болады. Қазып дайындадық бәрін. Былайша айтқанда батпа боп кеткен жерлері көп.
Аудан халқы бұл арналардың бұрын соңды тереңдетілмегенін айтады. Жаздыгүні Құрманғазының ішімен өтетін өзектер түгел құрғап қалатын. Қазір түбі қазылып, арнасы кеңейтілгендіктен су едәуір көп келді, - дейді ауыл тұрғыны Ержан Ғайнетов.
Ержан Ғайнетов, Құрманғазы аулының тұрғыны:
Аудан халқы риза. Себебі осының қызығын көріп отыр. Малын өсіріп, жағадан суын алып, егінін салып, балығын аулап деген сияқты. Ауданның халқына үлкен көмек боп жатыр.
Жоспарланған 128 шақырымның қазір 40 шақырымы толық қазылып бітті. Тереңдігі бұрын 1 метр болса енді 2,5, ал ені 25 метрге кеңейтілген. Бұл жұмыстарға барлығы 60-тан астам техника жұмылдырылған.
Ринат Нұғыманов, аудандық құрылыс бөлімі басшысының м.а.:
Биыл енді 60 шақырымдай қазамыз деп жоспарлап отырмыз жалпы. Республикалық және облыстық бюджеттен 7 млрд теңге қаражат бөлінді. Соның аясында жұмыстар жалғасады.
Жоба келер жылы толық аяқталады. Мамандардың айтуынша, бұл - арналардың су өткізу қабілетін арттырып, өңірдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігіне оң әсерін тигізіп, балық пен ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашады.


Бөлісу