Басты Жаңалықтар Жерасты мешіттеріне шетелдік туристер қызыға бастады

Жерасты мешіттеріне шетелдік туристер қызыға бастады

Маңғыстау өңіріндегі бірегей жерасты мешіттері әлем назарында. Бүгінде ЮНЕСКО сарапшылары тарихи-мәдени маңызы зор нысандарды зерттеп, оларды Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу мүмкіндігін қарастыруда. Тізімге ұсынылған бес нысанның қатарында Бекет ата мен Шопан ата жерасты мешіттері бар. Аягөз Оралбайқызы аталған тарихи-мәдени орындарға барып қайтты.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Біз қазір Бекет ата жерасты мешітінің жанында тұрмыз. Бұл республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш облыс орталығынан 300 шақырым жерде орналасқан. Үстірт тауының етегінде тұр. Жертасты мешітінің басты ерекшелігі - таудың ортасынан ойылып жасалған.
Бекет Мырзағұлұлы – 1750-1813 жылдар аралығында өмір сүрген қазақ халқының тарихи тұлғасы, ағартушы, әйгілі әулие. Оның Оғланды жеріндегі жерасты мешіті Үстірт тауының жотасында тастан қашалып салынған. 5 бөлмеден тұрады. Күні бүгінге дейін бастапқы қалпын жоғалтпаған қасиетті орынға келуші көп.
Даниэль Манзо, италиялық турист:
Мен жұбайым Илариямен бірге әлемді аралап жүрмін. Америка, Франция, Жаңа Зеландия және Мадагаскарда болдық. Маңғыстауға арнайы келдік. Бекет ата жерасты мешіті бізді қатты таңғалдырды. Жартастың ішінде орналасқанымен, өте жақсы сақталған.
Бекет ата жерасты мешітімен қатар, Шопан ата жерасты мешіті де ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілуі мүмкін. Өйткені, Шопан ата жерасты мешіті XII–XIII ғасырларға жататын ерекше, өркениетіміз бен мәдениетіміздің тамыры тереңде жатқанын дәлелдейтін тарихи ескеркіш.
Винсент Джовет, франциялық турист:
Жеті айдан бері жұбайыммен велосипедпен саяхаттап жүрміз. Бүгін Шопан ата жерасты мешіті сияқты қасиетті орынға келіп, осында түнеп жатырмыз. Ертең Бекет ата жерасты мешіті барамыз.
Аталған тарихи-мәдени орындарға келушілер ресми тіркелмейді. Бірақ, туристер мен зираттаушыларды қоса алғанда, жылына 5 мыңнан астам адам келеді деген болжам бар.
Нұрбол Жалғасов, Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорығының маманы:
Туристердің басым көпшілігін Оғланды жеріндегі Бекет ата мешітінің қалай салынғаны, тау етегінде орналасқаны қызығушылық тудырады. Болашақта бұл ЮНЕСКО-ның құрамына енетін болса, әлемдік деңгейдегі ескерткіштер тізіміне еніп, одан сайын танымалдығы артады деп ойлаймыз. 
Айта кетейік, облыста Бекет ата, Шопан ата, Қараман ата, Сұлтан үпі және Шақпақ ата жерасты мешіттері ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілуі мүмкін. Ол үшін Юнеско сарапшылары былтыр арнайы келіп, құжаттарын алып кеткен. Нәтижесі биыл жарияланады.


Бөлісу