Абай өлеңдерін оқу челленджі халық арасына кең тарады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай өлеңдерін оқу челленджі халық арасына кең тарады

10.07.2019

Қазақтың біртуар ақыны Абай Құнанбаевтың өлеңдерін мәнерлеп оқу халық арасында қолдау тауып, қанатын кеңге жайды. «Болашақ» бағдарламасы бойынша шетелде білім алып жүрген Шынар Шәкен есімді журналистің бастамасы Ләйлім есімді 9 жасар қыздың арқасында Президентке дейін жетті. Мемлекет басшысына өлең оқытқан қыз кім? Тізбекті кімдер жалғастырды? Ұлттық арна эстафетаны кімге жолдайды?

Бұл бейне желіде желдей есіп, бірден тарап кетті. Өйткені ұлы Абай жырларын баладан бастап Президентке дейін оқуы қазақтың жанын жібітті. Ал эстафетаны Мемлекет басшысына жолдаудан тайсалмаған өжет те, өнерлі де Ләйлім, міне, осы қыз. 

Ләйлім Абай Құнанбаевтың 68 өлеңін жатқа біледі екен. Үнемі түрлі байқауларға қатысып жүреді. Ұлы ақынның 175 жылдық мерейтойына орай басталған эстафетаны Президенттің өзі қолдағаны үшін қуанышында шек жоқ.

Ләйлім Рысқали, оқушы:

Басында әке-шешем «Президентке жібермей-ақ қой»,- деді. Көп жұмысы бар, жалғастырмауы мүмкін деп. Мен Президенттен басқа ешкімге жібермеймін деп айтқанмын. Әкем қуанып қалды. «Қазір көресің» деп сосын Facebook-тан көрсетті. Енді мен көргім кеп бара жатыр ғой. Көрсеткенде қуанып қалдым.

Талант пен талап. Ләйлімнің отбасында осы екі қасиет қатар жүреді. Әкесі әнші, анасы журналист. Ұлы ақын туған жерінде дүниеге келген Жадыра Жұмакүлбай кезінде өзі де Абай жырларын мәнерлеп оқудан сайыстарға қатысқан екен. Енді баба мұрасын қастерлеуді балаларының бойына сіңіріп жүр.

Жадыра Жұмакүлбай, Ләйлімнің анасы:

Тәртіп бойынша күнде Абай өлеңін жаттаймыз. 2,5 жастан келе жатқан күнделікті тәртібімізге енген міндетіміз. Апатай, мен жаттамай-ақ қояйыншы, қазір шаршап жүрмін деген кездер болады. Сол кезде біз осындай бір мотивация нәрселерді іздеп жүреміз, шыны керек. Енді мына эстафета Ләйлімге кәдімгідей үлкен құлшыныс, мотивация тудырып отыр. Президенттің өзі жалғады менің айтқанымды.

Ал Президенттің айтқанын екі етпей, игі істі Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов та бірден қолдап жіберді.

 Альбина Әшім, тілші: 

Алыстан сермеп, 

Жүректен тербеп, 

Шымырлап бойға жайылған.

Қиуадан шауып,

Қисынын тауып,

Тағыны жетіп қайырған- 

Толғауы тоқсан қызыл тіл,

Сөйлеймін десең, өзің біл, - деп мен де осы игі бастаманы қолдап жіберіп, эстафетаны келесі адамдарға жолдаймын. Бас қаланың әкімі Алтай Көлгінов пен түбіміз бір Түркия елінің Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Невзат Уянык. Қазақтың ұлы ақынының құрметіне орай ұйымдастырылған эстафетаны қабыл аласыздар деген үмітпен.

 Альбина ӘШІМ 

 

 

Хабарламаларға жазылу