Басты Жаңалықтар Елімізде агротехника өндірісі кеңейеді

Елімізде агротехника өндірісі кеңейеді

Олжас Бектенов ауыл шаруашылығы техникасын шығаратын әлемдік жетекші компаниялар басшыларымен кездесті. Жиында өндірісті жергіліктендіруді тереңдету, технология трансфері және отандық кәсіпорындардың әлеуетін арттыру мәселелері қаралды. Бүгінде Қазақстан ауыл шаруашылығы алқаптарының көлемі бойынша әлемде алтыншы орында. Егіс алқабы 24 миллион гектарға жуық. Былтыр саланың жалпы өнімі 9 трлн теңгеден асып, 6 пайыздан астам өсім көрсетті. Бұл өз кезегінде заманауи техникаға сұранысты арттырып отыр. Қазір елде 130 мыңнан астам трактор, 30 мыңға жуық комбайн жұмыс істейді. Дегенмен техниканы жаңарту қарқынын күшейту қажет. Осы мақсатта мемлекет техника құнының 30 пайызына дейін субсидия беріп, жеңілдетілген несие мен лизинг тетіктерін ұсынып отыр. Қазір елімізде жылына 8 мыңнан астам трактор мен 1 мыңнан аса комбайн шығаратын 8 ірі кәсіпорын жұмыс істейді. Кездесу соңында бірнеше маңызды келісімдерге қол қойылды. Бұл Қазақстанның жаһандық өнеркәсіптік өндіріс жүйесіндегі мәртебесін нығайтуға бағытталған.

Петер Заксе, John Deere компаниясының ТМД елдері бойынша вице-президенті:
Біз Қазақстанның халықаралық инвестицияларға ашық екенін жоғары бағалаймыз. Бүгінде John Deere мен Қазақстан арасындағы әріптестік жаңа деңгейге шықты. Қарашада қол қойылған стратегиялық келісім – соның нақты дәлелі. Алдағы жылдары шамамен 3 мың техника шығаруды жоспарлап отырмыз. Бұл заманауи технологияларды енгізіп, жаңа жұмыс орындарын ашуға және инженерлік әлеуетті күшейтуге мүмкіндік береді. Біз Қазақстанды Орталық Азиядағы негізгі серіктес ретінде көреміз.


Бөлісу