Басты Жаңалықтар Ірі инвестициялық 64 жоба жүзеге асады

Ірі инвестициялық 64 жоба жүзеге асады

Премьер-министр Олжас Бектенов «Самұрық-Қазына» АҚ директорлар кеңесінің отырысын өткізіп, Президент тапсырмаларының орындалу барысын талқылады. Қордың басқарма төрағасы Нұрлан Жақыповтың мәліметінше, өндірістік көрсеткіштер жоспарға сай орындалып, бірқатар маңызды құжатқа қол қойылған. Жалпы құны 38 трлн 600 млрд теңге болатын мұнай-газ, мұнай химиясы, энергетика, көлік-логистика және тау-кен салаларындағы 64 ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыруға ерекше назар аударылды. 41 жоба бойынша келісімшарт жасалып, олардың 33-інде құрылыс-монтаж жұмыстары басталған. Атап айтқанда, осы жылдың наурыз айында Жамбыл және Павлодар облыстарында әрқайсысының қуаты 1 ГВт болатын екі ірі жел электр стансасының құрылысы бастау алды. Жобалар «жасыл» энергетиканы дамытуға және БҰҰ-ның Орнықты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған. Премьер-министр Қор басшылығына барлық жобалар бойынша бақылауды күшейтіп, оларды жүзеге асыру барысында жергілікті қамту үлесін арттыруды тапсырды.


Бөлісу