Басты Жаңалықтар Ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті

Ауыл әкімдерінің алғашқы форумы өтті

  1. Оралда «Ауыл тірегі: даму мен серіктестіктің жаңа кезеңі» атты Батыс Қазақстан облыстық ауыл әкімдерінің І форумы өтті. Облыс әкімдігі мен AMANAT партиясы ұйымдастырған алқалы жиында елді мекендерді дамыту жайы қаузалды.
  2. Әуелі ақшаңқан киізүйлер тігілген алаңда 12 аудан әкімдігі өз жетістіктерін көпшілік назарына ұсынды. Аймақта 291 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылып, өз өнімін өткізіп отыр. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында шағын несие алып, кәсібін ашқандар саны да артқан. Бизнес өкілдерін ауылға тіркеп, төртінші деңгейлі бюджеттің бүйірін қампайтқан  округ әкімдері мақтаулы.
  3. Жәнібек Әбіров, Қарауылтөбе ауылдық округінің әкімі:
  1. Тек қана 2025 жылы 263 млн теңге салық түсті. Соңғы 4 жылда 981 млн теңге. Бұл тек менің жұмысым емес, ауылдан түлеп ұшқан кәсіпкерлердің туған жерге пайдасын тигізудің бір әдісі деп есептеймін.
  1. Форумға қатысқан Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мәселесіне тоқталды. Соңғы жылдары әкімі жоқ шағын ауылдарға ауылнайлар тағайындалып жатыр. Халық сеніміне ие болған белсенділер жергілікті мәселелердің шешілуіне атсалысып жүр.
  2. Руслан Сарбаев, Сатыбалды ауылының ауылнайы:
  1. 2026 жылдың басынан жылдың соңына дейін дүниеге келген балаларға 200 мың теңгеден ақша беремін деп шешкем. Төртеуі орындалды. Ел қуанып жатыр қолдауға. Шағын ауылда тұратын жерлестердің мәселесі – мектептің жабылмауы. Бала санының көп болғаны керек бізге.
  1. Ауылдың өсіп-өркендеуіне депутаттар да үлес қосты. Елді мекендегі тұрғындардың мұң-мұқтажын билікке жеткізіп, біраз мәселе оңынан шешілді.
  2. Есенмұрат Көшербаев, Тасқала аудандық мәслихатының депутаты:
  1. Айнабұлақ ауылында 60 орындық мектеп салынып жатыр. Амандық болса, қыркүйекте іске қосылады. Мерей ауылында 7 көшенің жолына асфальт төселді. Мұның өзі де үлкен жетістік деп сенеміз. Сонымен қатар сауықтыру орталығы ашылды.
  1. Ауылдық округ әкімдерінің барлығын тұрғындар сайлаған. Әрі олардың дені бұрын мемлекеттік қызметте болмаған. Сондықтан «AMANAT» партиясы қолға алған «Әкімдер мектебінде» былтыр 159 әкім білімін жетілдірді.
  2. Мұрат Мұқаев, «AMANAT» партиясы облыстық филиалының төрағасы:
  1. Ең маңызды мәселе – бұл Президент тапсырмаларын орындау, елде жүріп жатқан реформалармен таныстырып, сол жерде пікір алмасу.
  1. Форумда өзгеге үлгі болған ауылдық округ әкімдеріне 13 аталым бойынша 10 млн теңге сертификат табыс етілді. Ал ауылдың түлеуіне үлес қосқан кәсіпкерлер мен белсенді азаматтар облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Бөлісу