Басты Жаңалықтар «Кітап Fest» фестиваліне 8 мыңнан аса тұрғын қатысты

«Кітап Fest» фестиваліне 8 мыңнан аса тұрғын қатысты

Атырауда «Ұлттық кітап күні» кеңінен аталып өтті. Сұлтан Бейбарыс атындағы орталық алаңға 8 мыңнан астам адам жиналды. Ал «Кітап fest» фестивалі ең ауқымды мәдени оқиғалардың бірі болды. Балаларға арналған мюзикл қойылымдары, поэзиялық кештер, қаламгерлермен кездесулер, кітап жәрмеңкесі, сондай-ақ қолөнер мен бейнелеу өнері көрмелері ұйымдастырылды. Фестивалде бірнеше тақырыптық алаң қамтылған. Кітап жәрмеңкесіне бес мыңнан астам кітап қойылып, 4 мыңға жуық басылым сатылды. Оған еліміздің 8 баспасы мен облыс аудандарындағы кітап желілері атсалысты.

Жәнібек Аманиязов, облыстық Халық шығармашылығы орталығының басшысы:

Кітапқа деген қызығушылық жоғары, оны адамдардың көптігінен-ақ көруге болады. Басты мақсатымыз – балаларды кітап оқуға баулу. Олардың осы атмосфераны сезінгені маңызды.

Шараға облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, тұрғындарды  «Ұлттық кітап күнімен» құттықтады. Өңір басшысы өз сөзінде Президенттің «оқитын ұлтқа айналу» мақсаты қоғамды рухани дамуға бастайтын маңызды бағыт екенін айтты. Сондай-ақ  ең белсенді оқырмандар марапатталды. Солардың бірі – 100-ден астам кітап оқыған Мұхамбетәлиевтер отбасы. Олар «Оқырман отбасы» номинациясын иеленді.

Оразбек Мұхамбетәлиев, қала тұрғыны:

Біз көпбалалы отбасымыз, бірге кітап оқып, талқылаймыз. Әр апта сайын кітапханаға баруға тырысамыз.
Бөлісу