Алматы тау кластерін жеделдету тапсырылды
Премьер-министр Олжас Бектенов Алматы тау кластері мен Almaty Superski жобаларын іске асыру қарқынын жеделдетуді тапсырды. Үкімет отырысында туристік жобалардың орындалу барысы қаралды.
Алматы тау кластерін дамыту жоспары бас-аяғы 73 іс-шараны қамтиды, оның 49-ы биыл жүзеге аспақ. Бірінші кезеңде «Шымбұлақ» курортын жаңғырту, «Бутаковка» және «Кімасар» шатқалдарын дамыту көзделген. Екінші кезең 2027 жылы басталып, «Oi-Qaragai», «Пионер» бағыттарын дамыту және оларды аспалы жолдармен біріктіру жоспарланған.
Қала әкімдігінің мәліметінше, Шымбұлақта биыл 7 аспалы көпірдің құрылысы басталып, жыл соңына дейін 5 шақырымнан астам жаңа трасса қосылады. Almaty Superski жобасы аясында инженерлік инфрақұрылым дайындалып, 8 көпір салу, 6 шақырым автожол құрылысы басталады. Негізгі инфрақұрылым мен автожол 2027 жылға дейін аяқталуы тиіс.
Премьер-министр мемлекеттік сараптаманы уақытында аяқтау, қосымша инфрақұрылым жүргізу және барлық қажетті келісімдерді жеделдетуді тапсырды. Жобалар іске асса, туристер саны 2 миллионнан 5 миллионға дейін өсіп, мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылмақ.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы