Басты Жаңалықтар «Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздары анықталды

«Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздары анықталды

Қарағанды облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасының жеңімпаздары анықталды.  Оқырман мәдениетін, халықтың зияткерлік білімін және рухани-мәдени құндылықтарды дәріптеуге бағытталған шара өңір жұртшылығының үлкен қолдауына ие болды. Жобаға облыс бойынша 68 мыңдай адам қатысып, кітапқа деген ерекше құштарлығын байқатты.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы өңірдің қала, аудандарын және шалғай ауылдарын толық қамтыды. Білім жарысында мектеп ұжымдары,  ұстаздар, әулеттер, колледждер, жоғары оқу орындары мен мемлекеттік қызметшілер 6 номинация бойынша  бақтарын сынады. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев көптің кітап оқуға деген ерекше ықыласын атап өтті. 

Ермағанбет Бөлекпаев, Қарағанды облысының әкімі:

Сіздер бір маңызды дүниені дәлелдедіңіздер. Кітапқа деген халықтың ықыласы өшпепті. Демек дамуды саналы түрде таңдаған қоғам қалыптасып келеді. Олай болса өңіріміздің келешегі де кемел болады деп сенемін.

Жобаға қатысушылар белгіленген 15 шығарманы оқып қана қоймай, электронды оқырман күнделігін жүргізді. Онда әрі шығармаға талдау жасап, алған әсерімен бөлісіп  отырды. Бұдан кейін іріктеу кезеңі тестілеу түрінде өтіп, жеңімпаздар облыстық жарысқа жолдама алды.  Сыннан сүрінбей өткен Шалқаровтар шаңырағы 10 мыңнан астам оқырман бақ сынаған  «Оқитын әулет» аталымы бойынша жүлделі орынға ие болды.

Жәлел Шалқар, жоба қатысушысы:

Байқауға қатыспай тұрып үйде кітап оқимыз. Демалыс күндері бір сағат, жұмыс күндері жарты сағат кітап оқу дәстүрі бар. Осы байқауды естігенде қуана қатысқымыз келді. Қарағанды қаласындағы 14 мектеп-гимназиясының атынан Шалқар әулеті қатыстық.

Облыс бойынша жобаға 68 мыңдай адам қатысты. Зияткерлік жарыс жеңімпаздары қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталды.  Бүгінде «Кітап оқитын ұлт» жобасы халық арасында тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыруға, сыни және талдамалық ойлауды дамытуға және кітапты білім көзі ретінде танымал етуге бағытталған ауқымды бастамаға айналды.

Бөлісу