Басты Жаңалықтар Ата-әжелер балабақшадағы немерелеріне ертегі оқиды

Ата-әжелер балабақшадағы немерелеріне ертегі оқиды

23 сәуір - Ұлттық кітап күні. Бұл рухани мерекеде ақтөбелік ата-әжелер ерекше бастама көтерді. Олар балабақшаға барып, немерелеріне ертегі оқып беруді дәстүрге айналдырмақ ниетте. Өйткені цифрлық дәуірде ұрпағымыздың рухани қазына - кітап парақтап өскенін қалаймыз дейді.

«Ананың әлдиімен, әженің ертегісімен өскен бала жаман болмайды». Бұл – Айнұр Қартқожаққызының бала тәрбиесіне қатысты басты ұстанымы. Ол балабақша ұжымының ұсынысымен немересіне кітап оқып беруге келіп тұрады. Тәрбиеленушілер түскі ұйқының алдында әуен емес, әженің әуезді үнімен ертегі тыңдайды.

Айнұр Қартқожаққызы, қала тұрғыны:

Балалардың қызығушылығы жоғары, өте керемет. Ертегі айтқанда ұйып тыңдайды. Өзімнің үйімде немереме ертегі айтып беремін, оны қайта сұрақ қою арқылы кері байланыс аламын. Телефон, теледидар көріп өспеген балаға кітап оқығанға біз қуаныштымыз.

Бұл бастамаға қолдау білдірген ата-әжелер көп. Оларға жас ата-аналар да қосылған. Қазыналы қариялар аптасына екі рет кезектесіп келіп, кітап оқиды. Ашық есік күндерінде жиналып, балаға қандай шығарма, қандай ертегі оқуға болатынын ақылдасады.

Жеткерген Молдайұлы, зейнеткер:

Ертегімен өстік қой. Ол кезде ауызша жатарда айтады. Қазір балаларға біз де айтамыз. Тәрбие бергіміз келеді. Кітап оқып береміз, өзіміздің естіген ертегімізді айтып береміз.

Оқитын ұлт қалыптастыруды балабақшадан бастау керек. Сондықтан мектепке дейінгі білім мен тәрбие беру мекемелері балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыруды басты мақсат етіп отыр. Өйткені оқуға, білімге құштар адам ұлтқа ұйытқы, жұртқа үлгі болады.

Шолпан Жүсіпова, балабақша меңгерушісі:

Қазіргі бастама балаларға кітапты көбірек оқыту. Қызығушылығын, сүйіспеншілігін арттыру. Гаджет пен телефоннан балаларды алысырақ ұстау керек. Ол денсаулығына да зиян. Сосын балалар әрі қарай дамымайды, кітап оқымағаннан кейін.

Интернет жүйесі мен заманауи технологиялар дендеген сайын кітап ығыстырыла береді деу – қате пікір. Қанша заман өзгерсе де, білім алудың түрлі тәсілі пайда болса да, кітап ешқашан құнын жоғалтпайды. Өйткені Әбіш Кекілбаев айтқандай,  адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана.

Бөлісу