«Astana Eurasian Book Fair-2026» жәрмеңкесі басталды
Астанада «Eurasian Book Fair-2026» жәрмеңкесі басталды. Оған 80-нен астам отандық және шетелдік баспалардың өнімдері қойылған. Мамандар халықаралық кітап жәрмеңкесін Орталық Азиядағы ең ауқымды мәдени шаралардың бірі деп бағалап отыр.
Балалар әдебиеті, айтыстар жинағы, психология, поэмалар мен фотоальбомдар. Елорда төрінде биыл 9-рет өтіп отырған жәрмеңкеде әртүрлі жанрдағы туындыларды табасыз. Арасында сирек кездесетін ескі басылымдардың көшірмелері де бар.
Мерей Қарт, «Абай» кітапханасының директоры:
Бұл қазіргі «Жұлдыз» журналының алғашқы түпнұсқасы, бұл біздің кітапхананың қорында сақталған. Мынау менің қолымдағы алғашқы төртінші саны. Мұнда Әлиханның үлкен мақалалары және Абайға қатысты үлкен дүниелер бар.
Кітап көрме-жәрмеңкесі әсіресе кішкентай оқырмандарды күтеді. Мұнда Эрнест Хэменгуей шығармаларынан бастап фантастикалық жанрдағы түрлі туындылар таныстырылды.
Әлімхан Ұланбек, 3-сынып оқушысы:
Кітап оқыған бала өте ақылды, білімді болады. Тарих сабағынан көп нәрсе біледі.
«Фолиант» баспасы ұйымдастырған көрмеге 85-тен астам баспагер қатысуда, оның 35-і он бес елден келген шетелдік компаниялар. Бес күнге жоспарланған бағдарламалар аясында жаңа кітаптардың тұсаукесері, авторлармен кездесу, автограф-сессиялар, балалар алаңында арнайы шеберлік сағаттары өткізіледі.
Мехмет Бахадүр, көрмеге қатысушы:
Біз осында қазақстандық баспалармен серіктестік құруға келдік. Осы уақытқа дейін «Фолиант» баспасымен бірігіп, 100-ге тарта кітабымызды қазақ тіліне аудардық.
Фарида Тобашалова, «Фолиант» баспасының бас редакторы, көрме ұйымдастырушысы:
Ерекшелігі – көрмеде кітаптар баспа бағасымен сатылады, жеңілдікпен алуға болады. Оған қоса өздерінің сүйікті қаламгерлерімен көрісіп, пікір алмасып, қолтаңбасын алып, тікелей жүздесе алады.
Ал ертең Ұлттық кітап күніне орай республикалық «Ұлттық кітап» байқауының қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы