Осы Домбыра күнінің құрметіне Қарағанды облысына қарасты Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлыда көне домбыралар көрмесі өтті. Шараға облыстық тарихи-өлкетану музейінің және аудандағы мұражайлардан әкелінген айтулы өнер иелерінің домбыралары қойылды. «Жыл өткен сайын бұл мерекелік күннің ұлттық руханиятымызға қосар үлесі, маңызы артып келеді»,-дейді шараны ұйымдастырушылар.
Көрме күмбірлеген домбыра үнімен ашылды. Музей төріне Қазақстанның халық әртістері Жәмилә Шашкинаның, Қали Байжановтың, күйші Әбікен Хасенұлының , шертпе күй шебері Дәулетбек Сәдуақасұлының , ағаштан түйін түйген шеберлердің домбыралары қойылыпты. Талай үлкен сахналарға шығып, ұлттық өнерімізді дамытуға үлес қосқан тұлғалар қолының табы қалған көне аспаптардың кейбіріне ғасырдан асып кеткен. Оларды жұртшылық ерекше ықыласпен тамашалады.
Салтанат Қамытбаева, Шет ауданы археологиялық -этнографиялық музейінің директоры:
Басты мақсатымыз — қасиетті қара домбырамызды құрметтеуге үйрету, отансүйгіштіке баули отырып, осы әр үйдің шаңырағында домбыра ілініп тұру дұрыс екенін сезіндіру.
Шара аясында Арқада шертпе күй мектебін ашып, домбыраны жанына серік еткен жас таланттарды тәрбиелеп жүрген Қайролла Сәдуақасов та арнайы келді. «Домбыра күні ресми мереке ретінде бекітіліп, аз уақытта-ақ оны атап өту дәстүрге айналуының өзі елдің ұлттық құндылықтарға деген сый-құрметінің арта түкенін білдіреді»,-дейді өнер жанашыры.
Қайролла Сәдуақасов, шертпе күй мектебінің жетекшісі:
Біздің күй өнерімізге, жалпы біздің дәстүрімізге-салтымызға қызығушылар өте көп. Мысалы, бізге былтырғы жылы Токио қаласынан арнайы өнер зерттеуші ғалым келіп, осы күй өнерімізді, шертпе күйді тереңірек зерттеді. Бірге жүріп біраз ауылдарымызды араладық.
Жалпы шараның Шет өлкесінде өтуінің өзіндік мәні бар. Дәулескер күйшілер Әбдидің, Сембектің, Қыздарбектің және Шортанбай жырау мен Қақпан ақынның осы жерде туып өскені өлкенің өнер қонған киелі жер екенінің жарқын мысалы. Осынау тарихи тұлғалардың домбыралары қазір жазушы Кәмел Жүністегінің үйінің төрінде тұр. Мұражайға келген қонақтар бұл шаңыраққа соқпай кетпейді.
Кәмел Жүністегі, жазушы:
Осы аудандағы мектептердің оқушылары жыл сайын лек-легімен келеді. Көрем деген азаматтар сонау Алматыдан, Астанадан да, өзіміздің Қарағандыдан да келіп жатыр. Анау Ирландиядан да екі адам келді. Аудармашылары бар. Домбырамен тәрбиелесек балаларды, онда олар қылмыскер де болмайды, нашақор да болмайды. Ол балалар ұлтын сүйетін ірі азаматтар болып өседі.
«Келер жылы Ұлттық домбыра күніне арналған шараны бұдан да ауқымдырақ өткізуге күш саламыз»,-дейді көрмені ұйымдастырушылар. Қоңыр үнді аспапты жасау, оны тартып үйрену үшін шеберлік сабақтарын өткізу сынды өзгерістер еңгізілмек.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ