Басты Жаңалықтар Қазақстан жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15 пайыздан асырады

Қазақстан жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15 пайыздан асырады

Қазақстан 2030 жылға қарай жаңартылатын энергия көздерінің үлесін 15 пайыздан асырмақ. Бүгінде бұл көрсеткіш 7 пайыздың шамасында. Өңірлік экологиялық саммите Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деді. Қазақстан мұнай-газ қоры мол мемлекеттердің қатарына кіреді. Соған қарамастан, еліміз орнықты энергетика мақсаттарын берік ұстанып келеді. Әлемдік уран экспортының шамамен 40 пайызын қамтамасыз ететін Қазақстан көміртексіз электр энергетикасын дамытуды құптайды. Алғашқы атом электр станциясының жобасы пысықталып жатыр. «Таза көмір» технологиясы негізінде жылу электр станциялары жаңғыртылады. Осылайша, ірі энергетикалық нысандардан ауаға тарайтын зиянды шығарындылар 35 пайызға азайтылмақ. Мұндай бастамаларды барлық ел қорғағанда ғана экологиялық мәселелерді толық шеше аламыз, - деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Таразы басында адамзаттың, ең алдымен өскелең ұрпақтың болашағы тұр. Бұл – жай ғана экологиялық мақсат емес, керісінше, адами парыз, экономикалық қажеттілік, бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мақсатындағы стратегиялық басымдық. Осы орайда орнықты келешек қалыптастыруда мынадай негізгі қағидаттарға арқа сүйеген жөн: халқымыз бен болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершілік; шекара мен шектеуге бөлінбейтін ынтымақтастық; ресурстарға, технологиялар мен мүмкіндіктерге теңдей қол жеткізетін әділеттілік; нәтижесі көзге көрінетін нақты шаралар; ауқымы мен даму деңгейіне қарамастан елдер арасындағы бірлік.


Бөлісу