Басты Жаңалықтар Ақтөбе облысында қараусыз малдың кесірінен жол апаты азаймай тұр

Ақтөбе облысында қараусыз малдың кесірінен жол апаты азаймай тұр

Қара жолда қаза тапқандар саны азаймай тұр. 2025-інші жылы елімізде көлік апатынан 2 330 адам опат болып, 34 мыңнан астамы жараланған. Биыл жыл басталғалы тек Ақтөбе облысының өзінде 433 көлік апаты тіркелді. Апатқа негізінен, жолдың нашарлығы мен жүргізушілердің жүгенсіздігі себеп. Жол бойына шығып кететін бағусыз малдың кесірінен ажал құшқандар көп. Мұндай оқыс оқиға көп тіркелетін елді мекеннің бірі «Ақтөбе-Родниковка» тас жолының бойында орналасқан Ақшат ауылы.
Тұрғындардың айтуынша, тек бір жылдың өзінде 20 жол апаты тіркелген. Ауыл маңында 6 шаруа қожалығы бар. Олардың бірі, міне, өздеріңіз көріп тұрсыздар, тас жолға бар болғаны 30 метр жерде ғана орналасқан.
Жол үстінде емін-еркін жүрген малды біз де көрдік. Жақын маңнан не иесін, не бақташыны кезіктіре алмадық. Көлік жүргізушілерінің айтуынша, күн жауынды не тұманды болса, әр қырдың арты – күмәнді. Абайсызда шығып қалған мал көлік апатына себеп болады. Осылай опық жеген жанның бірі – Нұрбек Мұхтаров. Ол бүлінген көлігін өз қаржысына жөндетуге мәжбүр болған. Өйткені, көп жағдайда мал иесін табу мүмкін емес.
Нұрбек Мұхтаров, Ақшат ауылының тұрғыны:

Артынан жүгіріп шығады, байқамай қаламыз. Соны группаларға ескертіп отырамыз, жылқылар жүр деп. Мына жерде қаншама дтп болды. Өзім де соның біріне жолықтым. Жылқылардың бірі машинаның алдын, бамперін сындырған кезі болды. Шығындарды өзім, қалтамнан шығарып, салып алдым. Иесі таптырмайды, таба алмаймыз да оларды.
Бұл үш күн бұрын ғана болған жол апатынан түсірілген суреттер. Түн ішінде жолға жылқы шауып шығып, көлікке түйіскен. Бұл жолы да мал иесі табылмапты. Тұрғындар бізге осыған дейін болған жол апаттарының бейнетүсірілімдерін де берді. Айтуларынша, осындай оқыс оқиға кезінде жүргізушілердің бірі қайтыс болған. Сондықтан, жол бойына жарықшам орнатып беруді сұрап жауапты мекемелерге сан мәрте барғанмен, нәтиже болмай тұр.
Гүлайым Ералы, Ақшат ауылының тұрғыны:
Адам өлімі болған жағдайдан кейін де ештеңе жасалмады ғой. Ол деген енді, адам өмірі деген ең қымбат нәрсе ғой? Освещение жасау... Дамыған мемлекетпіз ғой, былай қарасаң. Соның бәрін жауапкершілігіне алып жасайтын адамдар қайда?
Жауаптылардың сөзінше, бұл бұрыннан бар жол. Ал, Ақшат елдімекені соңғы жылдары ғана бой көтерген. Яғни, бұған дейін жарықшам қою мәселесі қаралмаған. Дегенмен, әкімдік өкілдері тұрғындар шағымынан кейін Полиция департаментімен бірге зерделеу жұмыстарын жүргізуге уәде берді.
Есет Аманбаев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары:
Мердігер мекемелер бізге санап, өзінің есебін береді. Сол есеп-қисабын дайындап болғаннан кейін жүзеге асады. Бірақ оның қазіргі таңда бірінші сатысы Полиция қызметкерлерімен бірлесіп, мән-жайды анықтау керек. Ол жерде қалай қоямыз, неге қоямыз? Уақыт керек, қаражат керек болады.
Жол қателікті кешірмейді. Жыл басталғалы өңірде 25 адам көлік апатынан қайтыс болды. Былтыр дәл осындай кезеңде 19 жолаушы ажал құшқан еді. 

Бөлісу