Басты Жаңалықтар Ақтөбе облысындағы «Қасқыр» сарқырамасы елге танылып келеді

Ақтөбе облысындағы «Қасқыр» сарқырамасы елге танылып келеді

Ақтөбе облысындағы «Қасқыр» сарқырамасының танымалдылығы артып келеді. Тұмса табиғатымен, әсем көрінісімен баурайтын орынға шетелдіктердің де қызығушылығы зор. Жалпы, соңғы бір жылда өңірге келетін саяхатшылар саны 300 мыңға жуықтаған. Туристік орындарға инфрақұрылым тарту мәселесі біртіндеп шешіліп келеді.

Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл өңірдегі ең танымал туристік орындардың бірі. Облыс орталығынан 130 шақырым қашықтықта орналасқан. Сарқырама мамыр айының соңына дейін ағып, одан кейін тоқтап қалады. Дегенмен, мұнда келетін туристердің легі жаз бойы толастамайды.
Аңыз бойынша, қасқыр бөлтіріктері абайсызда осы суға құлап, жан тапсырған. Оларды жоқтап, ұлыған дауыс әлі күнге ара-тұра естіліп қалады дейді, жергілікті тұрғындар. Сарқыраманың «Қасқыр» аталуы да сондықтан. 
Мұнда тәулігіне жүздеген адам келеді. Ал демалыс күндері саяхатшылар саны мыңнан асып жығылады. Аумақты жалға алған кәсіпкер бақылау көпірін орнатып, келушілердің еркін жүріп-тұруына жағдай жасаған.
Ақмамық Нұрғалиева, Бадамша ауылының тұрғыны:
Ашылған сайын жылда келеміз отбасымызбен. Қызықтырады, жердің әдемілігі ғой. Судың ағып жатқаны әдемі.
Сарқырама жанына киіз үйлер тігілген. Балық аулап, атпен және қайықпен серуендеуге де болады. Келушілердің арасында шетелдіктер де көп. Таза ауа, тұмса табиғатымен баурайтын бұл орынға қазір тас жол салынып жатыр. Яғни, алдағы уақытта туристер саны одан әрі арттары сөзсіз.
Тин Ин, саяхатшы:
Бірінші рет бес жыл бұрын келген едім. Одан бері көп нәрсе өзгерген. Инфрақұрылым дамып келеді екен. Ал жолдың болмауы бұл жерді көруімізге кедергі бола алмады. Мен әлемнің көптеген елінде болдым, Қазақстан өзінің сан қырлы табиғатымен ерекшеленеді.
Қарғалы ауданында табиғаты әсем, көрікті орындар көп. Жұртшылыққа жаңа бағыттарды, ерекше локацияларды көрсету үшін «Sarqyrama Fest» туристік фестивалі ұйымдастырылды. Шараға 6 мыңға жуық адам жиналды. Қонақтар концерттік бағдарламаны тамашалап, түрлі сайыстарға қатысты.
Мейіржан Аханбай, облыстық дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы басшысының орынбасары:
Үш мәдени және туристік орынға автожол салынуда. Оның біріншісі осы «Қасқыр» сарқырамасы. Сонымен қатар Досжан Ишан және Абат Байтақ мәдени кесенелеріне жол салынуда. Оның бәрі ішкі туризмнің дамуына үлкен септігін тигізеді.
Облыс аумағында 24 туристік орын бар. Қазір ол аумақтарға инфрақұрылым тартып, танымалдылығын арттыру үшін инвесторлармен келіссөздер жүріп жатыр. Сондай-ақ, шалғайда жатқан Ырғыз резерваты мен Байғанин ауданындағы Ақжар және Ақтолағай үстіртіне әуе қатынасын ұйымдастыру жоспары да бар.


Бөлісу