Моңғолия президенті мемлекеттік сапармен келді
Астанаға Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх мемлекеттік сапармен келді. Ақордада мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мейманды қарсы алды. Президенттер шағын құрамда келіссөз жүргізді. Одан кейін ресми делегация мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген құрамда келіссөз жалғасты. Тараптар екі елдің сан қырлы ынтымақтастығы достық пен өзара қолдау рухында дамып келе жатқанына назар аударды. Мемлекет басшысы --- шақыруын қабыл алып, елімізге арнайы сапармен келгені және Аймақтық экологиялық саммитке қатысуға ниет білдіргені үшін Моңғолия Президентіне алғыс айтып, екіжақты қарым-қатынас стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілгенін атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сауда-экономикалық ынтымақтастығымыз нығая түсуде. Бірқатар жетістіктер бар. Тауар айналымы жылдан жылға артып келеді. Өнеркәсіп саласына қатысты нақты жобаларды іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бүгін елордамызда Қазақ-моңғол бизнес-форумы өтеді. Оған Моңғолиядан келген көптеген компаниялар қатыспақшы. Біз мұны толық құптаймыз. Сіздің де тарапыңыздан көрсетілген қолдауға ризашылығымды білдіремін.
Былтыр Қазақстан мен Моңғолия арасындағы сауда көлемі 7,7 пайызға өсіп, 130 миллион доллардан асқан. Моңғолия президенті Ухнаагийн Хүрэлсүх бұл сапар нәтижесінде қос халықтың достығы мен сан қырлы ынтымақтастығы нығая түсетініне сенім білдіріп, Қазақстанды Моңғолияның Орталық Азиядағы алғашқы стратегиялық серіктесі деп атады.
Ухнаагийн Хүрэлсүх, Моңғолия Президенті:
Достық қатынастарды одан әрі күшейтуге, сондай-ақ сауда-экономикалық ынтымақтастығымыздың аясын кеңейтуге сыртқы саясатымызда ерекше басымдық береміз. Сіздің 2024 жылғы елімізге сапарыңыз аясында Моңғолия мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру бойынша 2025-2027 жылдарға арналған жол картасына қол қойылған еді. Ендігі міндет – өзара тауар айналымын 500 миллион долларға дейін жеткізу.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы