Басты Жаңалықтар Халық Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салды

Халық Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салды

Бүгін қазақ елі Халық жазушысы, ақын Мұхтар Шахановты ақтық сапарға шығарып салды.

Қаралы жиынға зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері мен шет елден арнайы келген делагация қатысты. Сондай-ақ  әдебиетсүйер қауым мен үзеңгі жолдастары жиналды. Қаламгермен қоштасу рәсімі Абай атындағы опера және балет театрында өтті. Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев сөз сөйлеп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жолдаған көңіл айту жеделхатын оқып берді. Онда ақынның қазақ әдебиеті мен мәдениетіне қосқан өлшеусіз үлесі, тіл мен руханият жолындағы еңбегі ерекше атап өтілген. Шындықты ту еткен қайсар қаламгердің батыл шешімдері мен шоқтығы биік шығармаларының әлемдік деңгейдегі орнын айтты.

Мәулен Әшімбаев, Сенат төрағасы:

Мұхтар Шаханов бар ғибратты ғұмырын қастерлі сөз өнеріне арнап, қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерген, төл әдебиетіміз бен мәдениетіміздің көкжиегін кеңейтуге елеулі үлес қосқан қоғамымыздың тұғырлы тұлғасы еді. Өнегелі өмір сүріп, соңына мол әдеби мұра қалдырған Мұхтар Шахановтың жарқын бейнесі халқымыздың жадында мәңгі сақталады.

Журналистикадан саясатқа дейін көтерілген жазушымен қоштасуға Қырғыз елінен де арнайы делегация келді. Олар Мұхтар Шахановтың екі елдің достығы мен рухани үндестігіндегі орнын ерекше атап өтті. Марқұмды өзінің туған топырағы Отырарға алып кетті. Аңыз даланың абыз адамын ертең қазақ халқы жер қойнына тапсырмақ.

Салтанат Аманова, Қырғыз Республикасы Жоғарғы кеңесінің депутаты:

Мұхтар Шаханов бұл бір қазақ еліне ғана емес, қырғыз елінің ұлы, қырғыз елінің ұлы ақыны. Бүкіл адамазатқа танымал болған рухы биік тұлға. Қырғыз халқы да екі күннен бері қатты қайғырып жатыр. Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шаханов екеуінің ортасындағы достықтың негізгі мақсаты бұл адамзатқа тиесілі болған, адам концепциясынан адамзат концепциясына дейінгі биік идеялар бойынша сөйлескен.


Бөлісу