Басты Жаңалықтар Астанада Орталық Азиядағы ең ірі экологиялық саммитке дайындық қызу

Астанада Орталық Азиядағы ең ірі экологиялық саммитке дайындық қызу

Астанада өтетін Орталық Азиядағы ең ірі экологиялық саммитке дайындық қызу жүріп жатыр. Осы аптада бас қалаға 5 мемлекеттің басшысы мен жоғары деңгейдегі халықаралық сарапшылар келеді. Ауқымды жиын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен ұйымдастырылып отыр. Қоршаған ортаны қорғауға арналған іс-шараға елорданың әзірлігі қалай? Ернұр Медет баяндайды.
Экологиялық ахуал ушығып тұр дегенге сауатты көрермен саудаласпай-ақ көнер. Климат құбылып, көлдер құрғап, қуаңшылық күшейіп, әйтеуір табиғаттағы тепе-теңдіктің бұзылғанын барлығымыз байқап жүрміз. Ал жаһандық жылыну бұл үрдісті одан әрі үдетіп отыр.
Осы жерден алғашқы сөйлемді алуға болады.
Алдағы күндері Астана осы мәселені көтерген Орталық Азиядағы ең ірі диалог алаңына айналмақ. Қазір іс-шара өтетін Эксподағы арнайы зал тақырыпқа сай безендіріліп жатыр. Үлкен кеңістік тірі өсімдіктермен, жасыл инсталляциялармен көмкерілген. Көрме атмосферасы «Аватар» фильміндегі Pandora әлемін еске салады. Яғни, табиғат пен тіршіліктің өзара байланысын бейнелеп, су ресурстарын қорғаудың маңызын меңзейді. Бұл экология тақырыбын көріп қана қоймай, сезінуге мүмкіндік беретін ерекше орта болмақ.
Дилором Сұлтамұратова, Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығының жетекші менеджері:

Осы Саммит аясында арнайы көрме ұйымдастырылады. Осы көрмеде 30 мемлекеттен 247 тіркелген компаниямыз бар. Және ол компаниялар түрлі секторлардан өздерінің технологияларын ұсынады. Ол судың қауіпсіздігі, ауаның тазалығы немесе жасыл экономика, жасыл қаржыландыру салалары.
Ауқымды жиынға 5 мемлекет басшысы, сондай-ақ шетелден жоғары деңгейдегі делегациялар келеді. Жалпы саны 20 мыңнан аса адам қатысады деп жоспарланып отыр. Оның ішінде ғалымдар, сарапшылар, инвесторлар мен халықаралық ұйым өкілдері бар.
Негізгі тақырыптардың бірі - Арал теңізі мәселесі. Соңғы жылдары оның солтүстік бөлігі біртіндеп қалпына келе бастады. Енді теңіз аумағын 4 мың шаршы шақырымға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Маңызды жиынға байланысты 22-24 сәуір аралығында қала көшелерінің жекелеген бөлігінде көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылады. Түптеп келгенде, табиғатты қорғау таңдау емес, міндет. Ал бұл саммит сол міндетті бірге атқаруға шақырады.



Бөлісу