Қандай тәртіп жиі бұзылады?
Ел ішінде қандай тәртіп жиі бұзылады? Күнделікті өмірдегі қарапайым ережелерді ұстанасыз ба? Сонымен, көбіне елеусіз қалатын ережелер қандай? Оларға салынатын айыппұл қанша? Самал Қабышева рет-ретімен түсіндіріп береді.
Арнайы қызметтермен ойнауға болмайды. Полицияны, жедел жәрдемді немесе өрт сөндірушілерді себепсіз шақырсаңыз, 260 мың теңгеге дейін айыппұл төлейсіз. Бұл - ең қымбат айыппұлдардың бірі. Қоқысты кез келген жерге тастау 43 мың теңге яғни, 10 АЕК айыппұл қарастырылған. Немесе 40 сағатқа дейін қоғамдық жұмысқа тартылуыңыз мүмкін. Абаттандыру ережесін бұзу - тек қоқыс тастау емес. Күнде істеп жүрген, бірақ біз мән бермейтін әрекеттердің өзі заңға қайшы болуы мүмкін.Мысалы, «Уақытша ғана» деп үйдің маңына қоқыс жинап қою, аулада көлік жуу, подъезге велосипед не балалар арбасын қалдыру, ортақ жерді «жеке қоймаға» айналдыру. Осылардың бәрі - ереже бұзу болып саналады. Мұндай жағдайлар тек рейд кезінде емес, көбіне көршілердің шағымы арқылы анықталады. Заң бойынша бірінші ескерту қарастырылған, оны елемегендерге 86 мың теңгеге дейін айыппұл салынады. Айта кету керек, нақты талаптар әр өңірде әртүрлі болуы ықтимал. Көлік терезесінен қоқыс лақтыру, қалыпты жағдай болып көріну мүмкін. Ал заң үшін — бұл тәртіпсіздік. Ұсталсаңыз, 13 000 теңге айыппұл төлеуге міндетті боласыз. Итті серуендетудің талаптарын сақтамағандарға да айыппұл бар. Мұндай жағдайда 10 АЕК, 43 250 теңге айыппұл салынады. Енді көршілер арасындағы ең көп дауларға тоқталсақ. Музыканың дауысын қатты қою, жөндеу жұмыстары немесе айқай-шу белгіленген уақыттан кейін заң бұзушылыққа жатады. Жұмыс күндері. Түнгі сағат 22:00-ден таңғы 09:00-ға дейін, демалыс күндері 23:00 –таңғы сағат 10:00 дейін шулауға болмайды. Көршілердің мазасын алсаңыз, 21 мың теңгеден - 43 мың теңгеге дейін екі есе көлемде айыппұл төлеуіңіз мүмкін. Көрші ақысы тәңір ақысы деген көршіңізбен тату болыңыз. Ішкі істер министрлігі ескертеді, камералар арқылы автоматты түрде анықталатын құқықбұзушылықтар бар. Олардың ішінде көлік жылдамдығаны асыру, белдік тақпау, автобус жолағына шығу, бағдаршамның қызыл түсіне өту және көлік сақтандырусыз жүргізу бар. Заң - айыппұл салу үшін емес, қоғамдағы тәртіп пен өзара құрметті сақтау үшін керек. Бүгін сізге «ұсақ» көрінген әрекет - ертең біреудің шағымына, ал кейін өз қалтаңызға салмақ болуы мүмкін. Тәртіп - әркімнен басталады. Талапты сақтай білейік.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы