Елде көші-қон талаптары қатаңдайды
Елде көші-қон талаптары қатаңдайды. Бұл туралы бүгін Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен ведомствоаралық комиссия отырысында айтылды. Мәселен, биыл шетелдіктерді заңсыз көшірудің 5 арнасы жойылды. Жыл сайын 8 мыңға жуық жылжымайтын мүлік иесі азаматтарды жалған тіркегені үшін ұсталады. Жиында тағы қандай мәселелер көтерілді? Ақниет Балтанова тарқатады.
Көші-қон тәртібі өзгереді. Үкіметте өткен комиссия отырысында саладағы өзекті мәселелер талқыланды. Тұрақты тұруға рұқсат беру кезінде шетел азаматының құқық бұзбағаны, қылмыстық әрекетінің болмауы ескеріледі. Өтініш берушінің қаржылық жағдайы, қоғамға бейімделуі де жіті бақылауға алынады. Елдегі бірнеше ведоство бірлесіп, ел экономикасына қажет кадрларды тарту жөнінде ұсыныстар дайындауы тиіс. Сонымен қатар көші-қон саласында жасанды интеллект технологияларын енгізіп, шетелдіктердің келуін бақылау және құқық бұзушылықтарды анықтау жұмыстары күшейтіліп жатыр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Қазақстан шетелдік жұмыс күші үшін тартымды ел бола түсуде. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Қазақстанды талантты адамдарды тартатын, яғни білімді әрі ауқатты адамдар жұмыс істеуге, бизнес жасау үшін келетін орынға айналдыру міндетін қойып отыр. Бұл көші-қон саясаты мәселелеріне жаңа көзқараспен қарауды талап етеді. Біз бұл салада тәртіп орнатып, барлық мүдделі тараптарға түсінікті нақты «ойын ережелерін» орнатуымыз керек.Елде қылмыс азайды
Ел ішінде қылмыс деңгейі өткен жылы 6 пайызға, биыл 9 пайызға төмендеді. Бұған салада қабылданған жаңа ережелер сеп. Есте болса, 2 наурыздан бастап, Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Құқық бұзушылық профилактикасы туралы» жаңа заң жобасы күшіне енген еді.Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Осы Заңға сәйкес құқық бұзушылықтың алдын алуға жауапты субъектілердің тізбесі мен Ведомствоаралық комиссияның құрамы кеңейтілді. Сонымен қатар жалпыхалықтық референдумда қабылданған Конституцияда құқықтық мемлекетті нығайтуға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және кез келген құқық бұзушылыққа «мүлдем төзбеушілікті» орнықтыруға бағытталған «Заң мен Тәртіп» үстемдігі негізгі қағидаттардың бірі ретінде көрініс тапқан.Мыңға жуық агрессорға психологиялық көмек көрсетілді
Үкімет әйеліне тұрмыстық зорлық көрсеткен мыңға жуық агрессорды психологиялық түзетуден өткізді. Одан бөлек, сталкинг, некеге мәжбүрлеу әрекеттеріне қарсы қылмыстық жауапкершілік енгізді. Бұл бағытта жұмыс жүйелі түрде жүргізіліп отырады.
Ержан Сәденов, ҚР Ішкі Істер министрі:
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл жөнінде БҰҰ конвенциясына қол қойылды, сондай-ақ Еуропа Кеңесінің конвенциясын ратификациялау мәселесі келісу сатысында тұр. «Заң мен тәртіп» бойынша, Бұрын сотталған адамдарға қатысты бақылау күшейді, электронды бақылау құралдары қолданыла бастады. Сотты болған азаматтарды еңбекпен қамту мақсатында бизнес қауымдастықтарды тарту көзделген.Киберқылмыс бойынша айыппұл көлемі өсті
Жиында интернет-алаяқтықпен күрес мәселесі назардан тыс қалған жоқ. Елде жаңа нөмер алған азаматтар биометриялық сәйкестендіруден өтуге, ал байланыс операторлары антифрод орталықтарын құруға міндеттелді. Үкімет басшысы «Цифрлық полицей» жобасын жеделдетуді тапсырды.
Жасұлан Мәдиев, ҚР Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
Киберқылмыс бойынша айыппұл көлемі 3 есе ұлғайды. 100-ден 1000 АЕК-ке дейін және дербес деректерді қорғау саласында 1000-нан 2000 АЕК-ке дейін өсті. Сондай-ақ SIM-карталарды әкелу мен тіркеуді реттеу және банк картасын үшінші адамға бермеу ережелері бекітілді.Заң мен Тәртіп: 300 әлеуметтік жоба жүзеге асты
«Заң мен тәртіп» жобасын жүзеге асыру мақсатында 300 әлеуметтік жоба мен 316 түрлі форматтағы шаралар ұйымдастырылды. Гранттық қаржыландыру шеңберінде өткен жылы бес телехикая мен екі деректі фильм жарыққа шықты. Жасанды интеллект көмегімен балаларға арналған 15 анимациялық бейнеролик дайындалды.
Аида Балаева, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі:
2025 жылғы қыркүйек айынан бастап «Заң және тәртіп» Telegram-арнасы іске қосылды. Гранттық жобалар жүзеге асып жатыр. Құқықтық сауатты арттыру, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, нашақорлық пен лудоманияның алдын алу, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеушілік көзқарасын қалыптастыру бойынша жүйелі бастамаларды іске асырдық.Жиын қорытындысында Премьер-министр әр ведоствоға нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар Үкімет басшысы әкімдіктерге полиция бөлімшелері мен тірек пункттерін салу, жол ережесін тіркейтін автоматты жүйелер орнату және елді мекендердегі қауіпсіздік инфрақұрылымын дамыту жұмыстарын жеделдетуді міндеттеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы