Бельгияның Гент қаласында мәдени орталығы ашылды
Бельгияда тағы бір қазақ мәдени орталығы өз жұмысын бастады. Былтыр еліміздің Брюссельдегі елшілігі жанынан алғашқы орталық құрылған болатын. Енді корольдіктің Гент қаласында екінші қазақ мәдени орталығы ашылды. «Qazaq roots» яғни, «тамыры қазақ» деп талатын жаңа мәдени ошақта балалар мен ересектер қазақ тілін, қолөнерін үйреніп, шетелдіктерге мәдени мұраны кеңінен таныстырмақ.
Бельгияның Фландрия аймағында оқу, жұмыс бабымен, отбасылық жағдайына байланысты тұратын қазақстандықтардың бүгін қуаныштарында шек жоқ. Өңірлерінде ашылған тұңғыш қазақ мәдени орталығында ұлттық құндылықты ұрпақтан ұрпаққа дәріптейміз деп жүректері алып-ұшып жүр.
Майнұр Жұманова, Генттегі қазақ мәдени орталығының жетекшісі:
Бельгияда Қазақстаннан асырап алған балалардың басым бөлігі осы аймақта тұрады. Олар менен ана тілімізді үйрететін, қазақ дәстүрлерін, тарихын зерттейтін орын бар ма деп бірнеше рет сұрады. Балғындардың өзінің тегін танығысы келетіні мені қатты толқытып, осы орталықты ашуға шабыттандырды. Мұнда біз қазақ тілін, дәстүрімізді, мәдениетімізді көпшілікке насихаттаймыз.
Орталықтың ашылуына жиналғандар қазақ тілінің алғашқы сабағына қатысты. Бір жарым жасында бельгиялықтар асырап алған Әсет ана тілінде еркін сөйлеуді армандайды. Он жетіге толып оң-солын таныған ол енді түп- тамырын білуге құштар.
Әсет-Ронин Моерман, Брюгге қаласының тұрғыны:
Туған жеріме баруға дайындалып жүрмін. Сол үшін алдымен қазақ тілін үйреніп, мәдениетімен жіті танысуым керек. Қазақстан тарихын, елдің бүгінгі ахуалы жайлы терең білгім келеді. Сондықтан, осындай орталық ашылғанына қатты қуаныштымын.
Ұйымдастырушылар қаракөздеріміз бен шетелдік меймандарға ұлттық ән-күйден шашу шашып, бай мұраны паш етті. Қазақстанның туристік әлеуеті жайлы шеберлік сабағын өткізіп, көпшілікті Көлсай мен Көкшенің көркін көруге шақырды. Бельгиялықтар мен осы елдегі Димаштың жанкүйерлері мәдени орталықтағы үйірмелерге белсене қатысып, қос елдің достығын нығайтуға күш салмақ.
Михил Дауаарт, халықтың әл-ауқатын арттыру орталығының директоры:
Қазақ мәдени мекемесінің біздің орталықта орналасқанына қуаныштымын. Бұл бізге бай мәдениеттеріңізбен етене танысуға таптырмас мүмкіндік. Осы жерден қазақ тілін де үйрену жоспарымда бар.
Орталықта көпшілік қазақтың әшекей бұйымдарын жасауды, қылқаламмен сурет салып, ұлттық музыкалық аспаптарда ойнауды үйренеді. Сабақты Гентте тұратын жерлестеріміз береді. Бәрі кәсіби мамандар. Еріктілерден құралған топ өкілдері айына екі рет бас қосып, ұлттық мұраны ұлықтау үшін түрлі мәдени шаралар ұйымдастырудан үмітті.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы