Басты Жаңалықтар БҚО-да табиғи қорықты тазалады

БҚО-да табиғи қорықты тазалады

Батыс Қазақстан облысында «Таза Қазақстан» акциясы аясында әділет департаменті мен сот жүйесінің еріктілері табиғи қорық аумағын көң-қоқыстан тазартты. Сондай-ақ құстарға жем беретін қалқымалы үйшік суға жіберілді.

«Садовское көлі» мемлекеттік табиғи қорығын аққу, сұрқұтан, қаз-үйректің түр-түрі паналайды. Қазір олар адамның аялы алақанына зәру. Тәлімбағы көл жағасында орналасқан белгілі бағбан Қайрат Кәрімов қанатты достарына үнемі қамқорлық танытады. Енді еріктілер құстар  азықтанатын қалқымалы үйшік құрастыруға демеуші болып, оның жұмысын жеңілдетті.
Қайрат Кәрімов, бағбан:
Осы бастаманы бастап, қолдап жатқан кісілерге көп-көп рақмет айтамын. Құстарға жем беретін үйшік жасап жатырмыз. Судың ішінде жүзіп жүреді ол. Бұл, біріншіден, балаларды, жастарымызды тәрбиелейді деп ойлаймын табиғатты жақсы көруге, құстарды жақсы көруге.
Табиғатқа жанашырлық танытқан әділет департаменті мен сот жүйесінің қызметкерлері бұдан былай бұл аумаққа жиі келіп, құстарға жем беріп тұрады. Сондай-ақ олар көл жағалауын көң-қоқыстан тазартты. Тал-терек түбін тырмалап, қоқысты жинады. Тоғай арасындағы тұрмыстық қалдықтарды да теріп шықты. Игі шараға отбасымен келген қызметкерлер де бар.
Жандос Есенов, облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот әкімшісі:
Осы жағалауды жинадық жаңа. Бәрін тазартып, өз үлесімізді қосып жатырмыз. Бізден кейін осы болашағымыз балалар ғой деп, баламды да алып келдім. Үлес қоссын. Бізден кейін осы балалар табиғатты жинайды, біз сияқты сенбілікке шығады, тазалыққа атсалысады деп. Осындай шаралар Қазақстанға деген сүйіспеншілікті арттырады деп ойлаймын. Өз үлесімізді қосу – әрбір азаматтың парызы.
Қазір өңірде санитариялық тазалық айлығы жарияланып, сенбі сайын экологиялық акциялар ұйымдастырылып жатыр. Осы демалыс күндеріндегі тазалық шарасына 20 мың тұрғын қатысқан.


Бөлісу