Басты Жаңалықтар V Анталия дипломатиялық форумы өтіп жатыр

V Анталия дипломатиялық форумы өтіп жатыр

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау мәселесін көтерді. Анталияда өтіп жатқан дипломатиялық форумда Мемлекет басшысы ушығып тұрған геосаяси ахуалды еңсеру үшін елдер өзара түсіністік пен сенімге негізделген жаңа тәсілдерге көшуі тиіс екенін айтты. Оның пікірінше, халықаралық ұйымның қазіргі құрылымы мен жұмыс тетіктері бүгінгі заманның күрделі сын-қатерлеріне толық жауап бере алмай отыр.Анталиядағы айтулы жиыннан әріптесім Оңғар Алпысбайұлы баяндайды.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Анталия дипломатиялық форумына қатысуға келді. Осы жолы біздің Президентімізді Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған жеке шақырды. Орталық Азия елдерінің ішінен қатысып отырған жалғыз мемлекет басшысы болғандықтан Президент тек Қазақстанның ғана емес, аймақтың ғана емес тұтас әлемге қатысты мәселелерді көтереді деген жоспар бар.
Анталия дипломатиялық форумы - Түркия бастамасымен құрылған беделді саяси диалог алаңы. 2021 жылдан бері жаһандық саясаттың күретамырына айналған өзекті мәселелер дәл осы жерде талқыланып келеді. Қазір әлем жолайырықта тұр. Қақтығыстар өңірлік ауқымнан шығып, жаһандық сипатқа ие болды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Мәселен, бәрі Иранды талқылап жатыр. Әрине, бұл елдегі ахуал өте күрделі. Бұл қақтығыстың ауыр салдарын бәрі сезінді. Ең әуелі экономика құлдырады. Қиындықтарға қарамастан, ғаламдық сауда-саттық көлемі өсіп келеді. Былтырдың өзінде өсім 2,5 пайызды құрады. Яғни әлемдік саудадағы жағдай жаман емес. Алайда сауда-саттықтың сапасы мен мазмұны – үлкен проблема.
Сарапшылардың айтуынша, бүгінгі әлем – өзара тәуелді жүйе. Бір елдегі дағдарыс екінші мемлекетке міндетті түрде әсер етеді. Экономикалық байланыстар үзілсе, оның салдары әлеуметтік тұрақтылыққа да соққы болып тиеді.
Жанерке Қайратқызы, саясаттанушы:
Таяу шығыстағы қақтығыс ол үлкен бір жаһандық деңгейдегі үлкен катастрофаға, тек қана экономикалық емес әрі қарай гуманитарлық катастрофаға әкелуі мүмкін деген үлкен бір қауіп төніп тұр. Сол себепті бейбітшілікті ұстанатын мемлекет ретінде осы қақтығысты тоқтату үшін мейлінше күш жұмылдыруға Қазақстан ат салысады деп ойлаймын.
Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Біріккен Ұлттар Ұйымын жаңғырту – кейінге қалдыруға болмайтын міндет екенін атап өтті. Ұйымның басты органы – Қауіпсіздік Кеңесі қазіргі түйткілдерді шешуде кейде керісінше кедергі келтіреді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Біріккен Ұлттар Ұйымын реформалау туралы айтқанда, барынша прагматикалық көзқарас ұстануымыз керек деп санаймын. Әлгінде айтқанымдай, өте өзекті халықаралық мәселелердің шешілуіне Қауіпсіздік Кеңесінің өзі кедергі келтіріп отыр. Бұл оғаш, бәлкім, ақылға сыймайтын жағдай. Адамдар, дипломаттар мен саясаткерлер басқа алаңдарда келіссөз жүргізуге мәжбүр. Аталған Ұйымның негізі 80 жыл бұрын қаланды. Ең бастысы – БҰҰ-ның беделін көтеріп, тиімділігін арттыру.
Форум қатысушылары Қазақстан Президентінің бұл ұсынысын құптады. Уақыт талабынан туған бастама деп бағалады.
Гордана Силяновска-Давкова, Солтүстік Македония Президенті:
Қазақстан Президентінің үндеуі дипломатиялық тұрғыдан өте маңызды болды. Неге олай? Өйткені Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін Біріккен ұлттар ұйымында жұмыс істегенде халықаралық мәселелерді шешу бойынша мол тәжірибе жинақтады. Менің ойымша, енді әлем елдері Қазақстан Президентінің мүмкіндіктерін пайдалануы керек.
Қазақстан бұған дейін де халықаралық аренада бітімгер ел ретінде танылып үлгерді. Астана алаңы талай келіссөздің куәсі болды. Бұл тәжірибе бүгінгі күрделі кезеңде ерекше сұранысқа ие.
Эмиль Насирли, халықаралық саяси баспаның бас редакторы:
Қазақстанның мұндай тәжірибесі бар. Астанада көптеген бейбіт келісімдерге қол қойылды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев мырза шынымен кіріссе әлемде қазір болып жатқан мәселелерді шеше алатынына мен сенемін. Солай болады деп үміттенемін.
Панелдік сессия барсында Солтүстік Македония Президенті мен Грузия Премьер министрі де өзекті мәселелерді шешу бойынша өз ойларын ортаға салды.
Жаһандағы жағдайға алаңдаулы жұрттың назары қазір Анталияда. Өйткені әлем үшін маңызды ұсыныстар мен шешімдер тура осы алаңда айтылып жатыр. Ал әлемнің алты құрлығынан жиналған тілшілер қауымы жарыса ақпарат таратып жатыр.

Бөлісу