Алматыда хостелдер мен қонақ үйлер жаппай тексеріліп жатыр
Алматыда тәртіп сақшылары көбіне шетелдік азаматтар тұрақтайтын шағын қонақ үйлер мен хостелдерді жаппай тексеріп жатыр. Қалалық полиция бұл жедел шара, қоғамдық тәртіпті сақтау мен қылмыстың алдын алу үшін жүргізіліп жатқанын хабарлады. Алты күннің ішінде 2 мыңнан аса заңбұзушылық тіркелген. Көбі – тұрақтаған жеріне тіркелмей, құжатсыз жүргендер. Әріптесім Әйгерім Ердәулет те полициямен бірге арнайы рейдке қатысып келді.
Алматы полициясы бір аптадан бері күндіз-түні жатақханалар мен хостелдерді осылай үздіксіз тексеріп жүр. Таңғы 6-дағы рейдке біздің де түсірілім тобы қосылды. Қаланың орталығына жақын орналасқан мына нысанның ішінде ешқандай қауіпсіздік әрі тазалық талаптары сақталмаған. Әр бөлмеге газ баллондар қойылған. Ал жатақхана иесі қоныстанғандардың ешқайсысын тіркемеген.
Ғимараттың ішінде 22 бөлме бар. Әрқайсысын 90 мың теңгеге
жалға береді. Бірақ төлемді тек қолма-қол алатынын жазып, іліп те қойған. Ал бұл
жатақханада азаматтарды екінші рет заңсыз қабылдап отыр екен.
Ал уақытша паналауға арналған бұл нысанның
кіреберісінен-ақ қоқысқа сүрінесіз. Мұнда бағасы арзанырақ. Сәйкесінше,
ішіндегі жағдайы да түнеп шығуға қауіпті.
Әйгерім Ердәулет, тілші:
Ауданы небәрі 15 шаршы метр болатын мына аядай ғана бөлмеде 8 адам түнеп шығады екен. Кәсіпкерлер олар үшін мынадай дүңгіршектер ойлап тауыпты. Ал тәулігіне 2 500 теңгеден төлейді.
Қаладағы мұндай жатақханаларда жас отбасылар кішкентай бүлдіршіндерімен тұруға мәжбүр. «Әр ата-ана баласынан бір сәтке де көз жазып қалмауы тиіс»,-деп ескертеді полция қызметкерлері. Өйткені көрші бөлмеге кез-келген уақытта белгісіз адам көшіп келуі мүмкін.
Ерсұлтан Әмірбеков, студент:
Адамдық фактор ғой бір жағынан, форсмажор жағдайға байланысты өзіндік қана принциптермен ғана келдім, болды. Иә, бір жағынан ақшасы да ыңғайлы.
Полиция дәл осындай орындарда қылмыстың жиі орын алатын айтады. Сондықтан да жылына кемінде екі рет жаппай рейд ұйымдастырады. Бірақ күнделікті тексеріс үзілмейді,-дейді.
Тимур Ноғайбаев, қалалық ПД қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы:
Құжатсыз жүрген азаматтар да анықталып жатыр. Қазақстан азаматы болуы мүмкін немесе шетелдік азамат болуы мүмкін. Көші-қон заңнамасын бұзып, Қазақстанда құжатсыз жүрген азаматтар да анықталады. Қазір бұл ол азаматтарды ұстап, қабылдау тарату оррындарына орналастырамыз. Қазіргі таңда 90-ға жуық азамат сондай қабылдау-тарату орындарында орналастырылған. Елшіліктермен хабарласып сол азаматтарға әлеуметтік қолдау ретінде құжаттандыру жұмыстарымен айналысып жатырмыз.
Алты күндік тексеріс кезінде 477 хостел, 322 өзге де нысан тексерілді. Орын алған 2 мыңнан аса әкімшілік құқықбұзушылықтың мыңнан астамы көші-қон заңнамасына қайшы келеді. 291 шетелдік елге келуге қатысты заң талаптарын бұзған. Сондай-ақ 400-ге жуық адам ішімдік ішіп, 21 есірткі қолдану фактісі тіркелген. Оған қоса, хостел де өзгелердің мазасын алу мен кәмелетке толмағандардың түнде жалғыз жүруі көптеп анықталды. Сот шешімімен 10 шетелдік азамат елден шығарылған. Полиция тексерістің 20 сәуірге дейін жалғасатынын ескертіп отыр. Ал осы уақытқа дейін заңсыз кәсіп жүргізгендердің ісімен енді кірістер басқармасы мен қала құрылысын бақылау басқармасы айналысады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы