Басты Жаңалықтар 3 айда 16 бала өрттен қаза тапқан

3 айда 16 бала өрттен қаза тапқан

Астанада көпқабатты үйдегі өрттен зардап шеккен әйелдің жағдайы әлі ауыр. Қалалық денсаулық сақтау басқармасының айтуынша, ол жансақтау бөлімінде жатыр. Өткен сенбіден жексенбіге қараған түні Түркістан көшесінің бойындағы тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, кәмелет жасына толмаған 3 бала қаза болды. Тергеу жұмыстары әлі аяқталған жоқ. Куәгерлер көлігін қақпа алдына қалдырып кеткен жүргізушінің кесірінен құтқарушылардың апат аумағына дер кезінде кіре алмағанын айтқан еді. Алайда Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері арнайы брифингте бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.

Асқар Төлешев,  ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитеті төрағасының орынбасары:

Қақпа алдындағы көліктің ешқандай әсері болған жоқ. Кез келген тұрғын үй аумағына екі жағынан кіруге болады. Біздің қызметкерлер Түркістан көшесінен кіре алмаса да, Бұқар жырау жақтан оқиға орнына жедел жетті. 28 адам мен 7 техника еш кедергісіз құтқару жұмыстарына кірісті. Сосын 10 минуттың ішінде зардап шеккен әйел табылды.

Министрліктің дерегінше, жыл басынан бері 1470 тұрғын үйден өрт шығып, 96 адам қаза тапты. Оның 16-сы бала. Төтенше жағдай мамандары тұрғындарды өрт қауіпсіздігін сақтауға шақырады. Түнгі уақытта үйдегі барлық тоқ көздерін ажыратудың маңызын еске салды.


Бөлісу