Басты Жаңалықтар Брюссельде ұлттық аспаптар дәріптелді

Брюссельде ұлттық аспаптар дәріптелді

Еуропада қазақтың музыкалық аспаптарына қызығушылық күннен-күнге артып келеді. Еліміздің Бельгиядағы елшілігі жанынан құрылған қазақ мәдени орталығында шетелдіктер домбыра үйреніп жүр. Брюссельге гастрольдік сапармен барған қазақстандық музыканттар сол мәдени орталықта шеберлік сабағын өткізіп, көпшілікке ұлттық аспаптарды кеңінен таныстырды.

Қазақта музыкалық аспаптың 120-дан астам түрі бар, дейді «Жошы» этно-фольклорлық ансамблінің музыканттары. Өнерпаздар сол аспаптың тең жартысында ойнап қана қоймай, оны қолдан жасап жүр. Соның бірі-мына Керней. Ертеректе соғыста, ұлықтау рәсімдерінде қолданылған көне жәдігердің дауысы төрт шақырымға жетеді екен.

Кернейде ойнауға әркімнің ақ бар таласы. Бірақ, салмағы ауыр үрмелі аспапты бір секунд көтеріп тұрудың өзі сын. Оны Брюссельге жеткізу оңай болмаса да шеберлер ұлттың жауһарын шетелдіктерге дәріптеу үшін тәуекелге бел буған.

Азамат Бақия, «Жошы» этно-фольклорлық ансамблінің көркемдік жетекшісі, қолөнер шебері:

Бұл аспаптардың барлығы кітаптарда жазылып қалған екен. Тіпті Волынка деген аспаптардың өзі қазақта тұлыпсырнай, мүйізсырнай, делқобыз, мүйізқобыз деген атаумен болған екен. Бұл аспаптарды Н.Тілендиев аталарымыз қолданған бір уақытта қайта жаңғыртып. Арасы үзіліп қалған аспаптардың қайта жаңғыртуын мақсат қып қойып біздің шеберханада жасап,дәріптеп, ойнап жатырмыз.

Таңқалаларлық пішінді, ғажайып сазды, бай тембрлі аспаптарға шетелдіктер қызығып, ойнап көрді.

Уенди Мразек, Брюссель тұрғыны:

Қылқобызда ойнап көруді көптен бері армандап жүр едім. Бүгін сол арманым орындалды. Бұл аспаппен Димаш Құдайбергеннің арқасында таныстым. Мұның үні ешқандай аспапқа ұқсамайтын ғажап үн. Ендігі арманым-қылқобыз сатып алып, үйрену.

Астаналық өнерпаздар отыз секундта саздан қаздың жұмыртқасындай аспап жасап, көпшілікті тамсантты. Шеберлік сабағын мұқият тыңдап, сұрақтарға дұрыс жауап бергендерге сазсырнай сыйға тартты. Жалпы кездесуде қазақтардың өзі «керней, дауылпаз, желбуаз, доңыз қауақты» бірінші рет көріп, таңданыстарын жасырмады. Шеберлердің діттегені де сол-көне аспаптарды қайта жаңғыртып, көпшілікке кеңінен дәріптеу.


Бөлісу