Басты Жаңалықтар Таразда қоғамдық орынға қоқыс тастау азайды

Таразда қоғамдық орынға қоқыс тастау азайды

Тараздық полицейлер «Таза Қазақстан» акциясы аясында құрылыс нысандарын тексеруге көшті. Осылайша олар қоқыс қалдықтарын жаңа салынып жатқан үйлердің маңына үйіп қоятындарға тосқауыл болмақ.

Өйткені жел тұрған сайын құрылыс материалдарының қалдықтары айналаға шашылып, көшелердің көркін кетіреді. Сондықтан тәртіп сақшылары бірден айыппұл арқалатпай, алдымен тексеруді түсіндіру жұмысынан бастады. Учаскелік полиция инспекторларынан тұратын топ мемлекеттік бағдарлама бойынша салынып жатқан көпқабатты үйлермен қатар жеке үйлердің де ауласын аралады.
Фархат Халматов, құрылыс нысанының басшысы:
«КамАЗ» көлігімен 3 күнде бір рет жиналған қоқысты арнайы орынға апарып төгеміз. Мұнда біз бірден 6-ы көпқабатты үйді салып жатқандықтан қоқыс мәселесіне қатаң қараймыз. Оның үстіне Таразда көктемгі көгалдандыру жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Ал біздің нысанға басқа да тұрғын үйлер көрші жатқандықтан тұрғындар жүретін жолды ластамауды назарда ұстаймыз.
Полиция «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы тұрғындар мәдениеті артқанын айтады. Жалпы Таразда жыл басынан бері қоғамдық орынға қоқыс тастау дерегі бойынша 2882 хаттама толтырылған. Бұл өткен жылдың үш айымен салыстырғанда 200 дерекке аз. Былтыр тазалық сақтамағандарға 860 мың теңге айыппұл жазылса, биыл тұрғындар тек 203 мың теңге төлеген.  
Фархат Имашев, қалалық полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы:
Бүгіндікке 13 құрылыс нысаны араланды, сонымен қатар 7 көпқабатты үйлердің аулалары араланды. Енді былтырғы жылға қарағанда қоқыс тастау бойынша дерек төмендеді, яғни халыққа түсіндірме жұмыстары, полиция қызметкерлерімен оң нәтижесін беруде. Яғни халық қазіргі таңда қоқысты тастай бермейді.


Бөлісу