Алаяқтықтың дені интернет арқылы жасалады
Шымкентте тіркелген алаяқтық деректерінің жартысына жуығы интернет арқылы жасалады. Биыл өзінде 600-ден астам қылмыстық іс қозғалып, жүздеген тұрғын алаяқтардың арбауына түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есеге артқан. Осыған байланысты құқық қорғау органдары қылмыстың алдын алуға бағытталған кешенді шараларды күшейтіп отыр.
Алаяқтар Тимур Пактың WhatsApp аккаунтын бұзып, таныстарынан ақша сұраған. Банк картасының деректерін жіберіп, түрлі сылтаумен қаражат аударуды өтінген. Хабарлама шамамен 3 мың адамға тараған. Мектепте мұғалім болып жұмыс істейтін Тимур ақауды тек түстен кейін байқайды. Сол уақыт аралығында алаяқтар 10-нан астам адамнан ақша алып үлгерген.
Тимур Пак, қала тұрғыны:
Бұрын, мысалы, алаяқтар орысша шықса, қазір қазақша шығады. Ассалаумағалейкум деп амандасып, аудиоға жауап бермейді. Аты-жөнім жазылған карточканы жіберіп, бірақ ол ақша алаяқтарға түседі. Менің балаларым ойын ойнап жатып, сілтемеге басып жіберіп, сол сілтеме арқылы бұзып алды деген ойдамын.
Биыл полицейлер 14 қылмыстық топтың жолын кескен. Интернет алаяқтық бойынша 137 дерек әшкереленіп, 37 адам қолға түскен. Олардың арасында қылмыстың көрінбейтін техникалық тұсын жүргізген IT мамандары да бар.
Мақсат Шегірбай, қалалық ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
Шет мемлекеттен хабарласатын алаяқтарға көмек көрсеткен 5 тұлға анықталып, 3 мыңға жуық сим карта тәркіленді. Аттарыңызға тіркелген банк карталарын ешкімге бермеулеріңізді өтінеміз. Төлем құралдарын берген адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартамыз.
Қаскөйлер көбіне жалған жарнама арқылы сенімге кіреді. Онлайн платформаларда тауар ұсынып, алдын ала төлем сұрайтындар аз емес. Кейбірі жоғары табыс уәде етіп, инвестицияға тартуға тырысады. Мұндай қылмыстың артында өзге өңірлермен қатар, шетелдік азаматтар да бар екен.
Ернұр Уәлихан, тілші:
Интернет-алаяқтықтың жаңа әрі қауіпті түрі – дипфейк… «Сіздің үстіңізден қылмыстық іс қозғалып жатыр, мән-жайды анықтау үшін жеке деректеріңізді нақтылау қажет…», «Атыңызға несие рәсімделіп жатыр. Операцияны тоқтату үшін 4 санды кодты айтыңыз», «Бауырым, мен қиналып тұрмын, шұғыл көмек керек, 1 миллион теңге салшы. 1 сағатта қайтарамын». Яғни бұл жасанды интеллект арқылы дауыс пен бейнені дәл көшіріп, адамды алдау тәсілі. Арбауға түспес үшін қайтпек керек? Қалай ажырата аламыз?
Құрманғазы Мұратов, Shymkent hub өңірлік менеджері, IT маман:
Адамның еріні қимылдаған кезде дауыстан қалып немесе өшіп кетеді. Шаштың контуры дұрыс болмайды десек болады. Бірден көзіне қараймыз. Дипфейк видеода көп көзін ашып-жұмбайды, мен мысалы, қазірдің өзінде 3-4 рет көзімді жұмдым. Ал видеода олай көп болмайды.
Жыл басынан бері Шымкенттік тұрғындар әккілердің арбауына түсіп, 600 миллион теңгесінен қағылған. Мамандар бұған тәуекелді елемей, сенім, қорқыныш немесе оңай олжаға ұмтылу себеп дейді. Сондықтан қаржылық шешім қабылдарда асықпай, әр ақпараттың анығына көз жеткізуге кеңес береді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы