Басты Жаңалықтар 10 жас ғалымға пәтер кілті табысталды

10 жас ғалымға пәтер кілті табысталды

Ғылым күні қарсаңында 10 жас ғалым баспаналы болды. Президенттің қолынан пәтер кілтін алған жандар бірден жаңа шаңырақтарына барып, шашуын шашып,  ішін аралап көрді.

Бұл – ғылымды қолдаудың айқын көрінісі, елдің зияткерлік әлеуетін дамытуға бағытталған инвестиция. Ізденістің ізіне түскен мамандардың қуанышында шек жоқ. Барлығы дерлік ядролық физикадан бастап агрономия, тарих, әлеуметтану, энергетика және медицинаға дейінгі кең ауқымды қамтитын күрделі бағыттарда 10 жылдан астам уақыт еңбек етіп келеді. Ғалымдар енді тұрмыстық мәселелерге алаңдамай, бар күш-жігерін зерттеу жұмыстарына бағыттауға дайын. Жалпы, соңғы 3 жылда 700-ге жуық жас ғалымға үй берілген. 

Рәхия Елназарқызы, С.Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық зерттеу университетінің қауымдастырылған профессоры:

Мен үшін бұл – жеңіс. Мен үшін бұл – мәртебе. Беріліп жатқан мүмкіндік, бұл пәтер дейміз ғой, ғылым саласындағы ең бір қуанышты сәттердің бірі. Өйткені әр саладағы жастар пәтерге мұқтаж ғой. Ал баспанаң болса, ғылымға, білімге өзің барыңды салып тұрып, ары қарай еліміз үшін тың жаңалықтарды жеткіземіз деген ойдамын.

Индира Мүслімова, Ядролық физика институтының аға ғылыми қызметкері:

Осындай сәттерде жас ғалымдарға көрсетілген қолдау үшін өте ризамыз. Президентімізге және Ғылым және жоғары білім министрлігіне, ғылым комитетіне алғысымызды білдіреміз.


Бөлісу