Президент ғылым саласының мамандарын марапаттады
Әр елдің ғылыми әлеуеті – оның абырой-беделі мен күш-қуатының өлшемі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарды марапаттау рәсімі кезінде осылай деді. Салтанатты рәсімде Қасым-Жомарт Тоқаев ғылымның қоғамдағы рөліне ерекше тоқталды. Президенттің айтуынша, соңғы жылдары бұл салаға бөлінетін қаржы бірнеше есеге артқан. Ендігі міндет – сол мүмкіндікті ел игілігіне тиімді пайдалану.
Адамзат өркениетінің әрбір жетістігі – ғылым мен білімнің жемісі. Кез келген дамыған, озық мемлекеттің қазығы – ғылым, қазынасы – ғалым. Қазақстан да бұл бағыттан шет қалмай, ғылымды стратегиялық басымдыққа айналдырып келеді. Соңғы бес жылда ғылымды қаржыландыру шамамен 6 есеге өскені – соның дәлелі.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Ғылымның әлеуетін ел игілігіне жарата білу қажет. Ғалымдарымыз ашқан жаңалықтар зертханалар аясында қалып қоймауы керек. Нақты нәтиже беретін, өндіріске енгізуге болатын жобаларды жүзеге асыру қажет. Бір сөзбен ғылым экономика мен қоғамның сұранысына сай болуы тиіс. Бұл мақсат Үкіметтің ұдайы назарында болуы керек, себебі осы міндеттің еліміз үшін мән-мағынасы ерекше.
Биыл - Цифрландыру және жасанды интеллект жылы. Бұл – Қазақстанның технологиялық серпіліске бет алғанының айқын көрінісі. Сарапшылардың айтуынша, жасанды интеллектінің негізі елімізде бұл бағыттың іргесі әлдеқашан қаланған.
Бейбіт Әбдікенов, Astana IT university ғылыми-инновациялық орталығының директоры:
Жасанды интелектінің негізі – математика. Бізде бұрыннан қалыптасқан мықты математика мектептері бар. Соның арқасында бұл қойған жетістіктерге жетуге күмәніміз жоқ.
Ғылымның болашағы – жас ғалымдардың қолында. Соңғы жылдары олардың зерттеу жүргізуіне қолайлы жағдай жасалып жатыр.
Жандос Тауанов, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жастар кеңесінің төрағасы:
Жас ғалым жобасы бар. Жас ғалымдарға арналған гранттық қаржыландыру бар. Және сонымен қатар соңғы 2 жыл көлемінде жас ғалымдарға пәтер беру арқылы мемлекет тарапынан қолдаулар болып жатыр.
Елдегі қолданбалы ғылымның даму қарқыны да жаман емес. Университеттер тек білім ордасы емес, технологиялық орталықтарға айналып келеді.
Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:
Біріншіден, ғылыми инфроқұрылымды дамытуға зертханаларды қосуға, жалпы соңғы 4 жылдың ішінде 303 жаңа зертхана іске қосылды. Бұл болмаған нәрсе. 11 университетіміз енді зерттеуші мәртебесін алды. Яғни зерттеу университеттері. 16 өңірде арнайы технопарк пен инженерлік орталықтар іске қосылды. Яғни инфроқұрылым тұрғысынан адами капиталды дамыту тұрғысынан өте керемет қолдау көрсетіліп жатыр.
Дегенмен ғылым саласында шешімін күткен мәселелер де жетерлік. Әсіресе қаржыландырудың тиімділігі мен нәтижелілігі басты назарда.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Мен наурыз айында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде болғанымды білесіздер. Сол жерде ғалымдармен арнайы кездесіп, біраз мәселеге тоқталдым. Әсіресе ғылымды қаржыландыру жұмысын ретке келтіріп, қатаң бақылауға алу қажеттігі туралы айттым. Басты мақсат - қаржыны игеру емес, қоғамға пайдасы тиетін жобаларды жүзеге асыру болуға тиіс.
Инженерлік-техникалық кадр даярлау да күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Әсіресе болашақ атом электр станциясында жұмыс істейтін мамандарға қойылатын талап жоғары. Олар халықаралық стандарттарға сай болуы тиіс.
Дарын Бөргеков, Ядролық физика институты Астана филиалының директоры:
ДЦ-60 деген үдеткіш бар. Ауреондардың үдеткіші. Бұл үдеткішке биыл 20 жыл. Қазіргі таңда ол жерде 50-ге жуық доктор, 100-ге жуық магистрлік диссертациялар қорғалған. Яғни ядролық физика мамандығы бойынша болашақта атом электр станциясында жұмыс істейтін кадрлар бар деп айтуға болады.
Ғылым саласында елеулі жетістіктерге қол жеткізген мамандар арнайы мемлекеттік наградалармен марапатталады. Президент солардың қатарына «Әл-Фараби» орденін қосу орденін енгізуді ұсынды. «Мейірім», «Қожа Ахмет Ясауи», «Әл-Фараби» ордендері биыл алғаш рет Республика күні қарсаңында тапсырылады. Ал осы жолы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым саласындағы үлкен жетістіктері және жоғары білімді дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін бір топ азаматқа мемлекеттік награда табыстады. Сондай-ақ жас ғалымдарға Астана мен Алматы қалаларынан пәтер кілттерін салтанатты түрде берілді.
Шырын Тіленшиева, философия, саясаттану және дінтану институтының аға ғылыми қызметкері:
Сіңілім де ғылым саласында жұмыс істейді. Қазір біздің отбасымызды екі ғылым өкілі бар. Екеуіміз бірге тұрып, сол пәтерде өзіміздің ғылыми жолдағы жұмыстарымызды одан әрі жалғастырамыз.
Ержан Көлдеев, Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің проректоры:
Орден алғаннан кейін, жауапкершілік алғаннан кейін біз енді екі есе, тәулік бойы жұмыс істеуге дайынбыз. Ғылымды көгертіп, біздің ғылымымызды өндіріске енгізіп, оның нәтижесін нарыққа шығарамыз деп сөз береміз.
Оңғар Алпысбайұлы, тілші:
Ғылым қараңғы түнді жарық қылар шамшырақ. Бүгін сол шамшырақты сөндірмей, жаңа биіктерге көтеріп жүрген ғалымдар марапатталды. Олардың әрбір жаңалығы елдің дамуына қосқан елеулі үлес. Сондықтан ғылымы мықты елдің болашағы жарқын.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы