«ТеңізШевройл» компаниясы Каспий аймақтық мұнай және газ көрмесін өткізді
Атырауда Солтүстік Каспий аймақтық Atyrau Oil&Gas және AtyrauBuild 2026 көрмесі өтті. «ТеңізШевройл» компаниясының бастамасымен ұйымдастырылған шарада отандық және шетелдік мұнай-газ, құрылыс салаларының жетекші кәсіпорындары өз өнімдерін таныстырды. Бұл алаң Каспий аймағын негізгі индустриялық орталықтардың бірі ретінде дамытуға ықпал ететін маңызды салалық платформа болмақ, дейді ұйымдастырушылар.
Биыл халықаралық мұнай-газ көрмесіне Австрия, Әзірбайжан, Германия, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Польша және АҚШ елдерінен 85 компания өкілдігі қатысып жатыр. Солардың бірі – Алдамжар Ғұмаров. ТеңізШевройл компаниясымен 12 жылдан бері жұмыс істейді. Неміс технологиясымен құрылыс сатыларын дайындайды. Бүгінгі күні ел бойынша филиалдарын көбейтіп, жаңа кезеңге қадам басқанын айтады.
Алдамжар Ғұмаров, көрмеге қатысушы:
Оған бірден-бір себеп осы Батыс өңіріндегі мұнай-газ компанияларымен жұмыс істеу компанияның өсуіне көп әсерін тигізді деп ойлаймын.
Талап Захарянов, көрмеге қатысушы:
Осындай шараларға қатысу біз үшін үлкен мүмкіндік. Жаңа клиенттерді табу, бұрынғы клиенттерімізбен қарым-қатынасымызды үзбеу және өзімізге жарнама жасауға өте жақсы алаң.
Көрмеде пленарлық сессиялар мен панельдік талқылаулар ұйымдастырылып, сарапшылар Каспий аймағын индустриялық хаб ретінде дамыту, цифрлық трансформация және экономикалық тиімділік мәселелерін қарастырды.
Стивен Коннер, «ТеңізШевройл» компаниясының өндіріс жөніндегі бас менеджері:
Тек 2025 жылдың өзінде ТШО қазақстандық жеткізушілерден шамамен 1,8 миллиард АҚШ долларына тауарлар мен қызметтер сатып алды. Аталған қаражат Қазақстанда өндірілген және халықаралық сапа стандарттарына сай келетін өнімдер мен қызметтерге бағытталды. Бұл өз кезегінде тек Атырау облысында ғана емес, бүкіл ел көлемінде экономикалық белсенділікті ынталандыруда.
Биыл «ТеңізШевройл» компаниясының құрылғанына 33 жыл. Ол осы уақыт аралығында отандық жеткізушілерден 52,3 миллиард АҚШ долларына тауар мен қызметтер сатып алған. Сонымен қатар өткен жылы компания қазақстандық қамту үлесінің жоғары деңгейіне — 71%-ға қол жеткізген. Ал бүгінгі мұнай газ көрмесі алдағы күндері стратегиялық сессиялар мен экономикалық аймақтарды аралаумен жалғасады.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы