Ақтөбеде «SuperStar KZ» байқауының іріктеуі өтті
«Qazaqstan» Ұлттық арнасының ұйымдастыруымен араға 20 жыл салып, қайта оралған «SuperStar KZ» жобасына іріктеу жалғасып жатыр. Кастингтер бұған дейін Шымкент және Ақтау қалаларында өткен еді. Жүз жетпістен астам таланттың басын қосқан келесі байқау қай өңірде өтті?
Жақсыбек Кемал, тілші:
Талайлардың жұлдызын жаққан «SuperStar KZ» жобасы Ақтөбеде! Таңнан бері мұнда келген үміткерлер саны өте көп. Өңірдегі өнерге таласы бар жас әншілердің бәрі осында.
Әні мен сәні жарасқан жас таланттар жақсылықтан үмітті. Кейбірі кастингке кірмес бұрын дауысын баптап, аспаптарының күйін келтіріп жатыр. Байқауға Батыс Қазақстан мен Атырау облыстарынан арнайы келгендер де бар.
Нұрлы Мұстафа, Атырау қаласының тұрғыны:
Біз Атырау қаласынан пойызбен келдік. 16 сағат жол жүрдік. Міне, қазір сол күнге жеттік, кастинг өтіп жатыр. Қобалжу бар.
Жастардың кастинке үлкен дайындықпен келгені аңғарылады. Бұған дейін үлкен байқауларға қатыспаса да, талантымен талайды тамсандырып жүрген жастардың бірі – Мансұр Нұржанов. Жас ақындығымен қоса әуесқой сазгерлігі де бар. Ал әншілігіне бүгін жоба ұйымдастырушылары баға береді.
Мансұр Нұржанов, Ақтөбе қаласының тұрғыны:
Менің осы әнім секілді 30 шақты авторлық өлеңдерім бар. Бұдан бөлек сөзі мен әнін жазамын. Сөзін жазған 135 шақты шығармам бар.
«SuperStarKZ» жобасына іріктеу еліміздегі 9 шаһарда өтеді. Оның ішінде қазаққа Димаштай хас талантты сыйлаған Ақтөбе қаласының болуы – заңдылық, дейді ұйымдастырушылар. Таланттарды танып, жігерлерін жанып жүрген мамандар жергілікті жастардың белсенділігін ерекше бағалады.
Жүздері бал-бұл жанған жастардың бұл күнді шынымен, ешқашан ұмытпайтыны анық. Мамандар мегажобаның арқасында қазақ эстадасына жаңа толқын, жаңа леп келетініне сеніп отыр.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы