Нұр-Сұлтанда «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты форум өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Нұр-Сұлтанда «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты форум өтті

30.05.2019

Қазақ даласына жер аударылған ұлттардың қатарында италиялықтар да болған. Президент архивінің мамандары бүгін осындай тың жаңалықты жариялады. Елордада Қазақстан халқы Ассамблеясының саяси қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарын еске алу күніне арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты халықаралық X форумы өтті. Шара аясында тұсауы кесілген жаңа кітапта бұрын-соңды айтылмаған тың ақпараттар жарияланыпты.

Бұл сурет - италиялықтардың қазақ жерінде қоныстанғанын дәлелдейтін айғақ. Жер аударылғандардың қатарында италия халқы да болған. Олар Қазақстанның солтүстік өңірі мен Ақмола облысын мекендепті. 

Мұхаммед Жылгелдинов, ҚР Президент архиві директорының көмекшісі:

- Кертч қаласындағы италиялықтардың өздерінің қоғамдық қауымдастығы бар. Қазақстанға жер аударылған италиялықтардың ұрпақтары өздерінің ұйымдарын құрған. Біз солармен байланысып, естеліктер алдық, суреттер алдық.

Тарих үшін бұл - тың жаңалық. Өйткені басқа түгілі, тарихшылардың өзі бұл фактіден бейхабар. Зерттеушілердің ұзақ еңбегінің арқасында 1940-56 жылдар аралығында италиялықтардың Қазақстанға күштеп жеткізілгені дәлелденіп отыр.

Мұхаммед Жылгелдинов, ҚР Президент архиві директорының көмекшісі:

- Сол жерде тұратын италиялықтар 40-шы жылы Қазақстанның Ақмола облысына қоныс аударылған екен. Біз сол кісілердің ұрпақтарын тауып, сол кісімен байланысып, олар жинаққа естеліктерін берді.

Құнды ақпарат депортациялар тарихы баяндалған кітапқа енгізілді. Әлі де тарихтың тасасында қалып қойған ақпарат көп. Сондықтан зерттеу жұмыстары жалғаса бермек.

Нұрлан Дулатбеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бүгін бәрін толыққанды шештік, толыққанды зерттедік деп айтсақ, онда қателесеміз. Өйткені оның ашылмаған әлі қырлары көп. Бірақ та бізді қуантатыны - қоғамның тақырыпты зерттеуге, зерделеуге деген ынтасы.

Іргелі істердің нәтижелі жүргізілуіне Елбасының тапсырмасы ұйытқы. Тарихи құжаттық жинақ 2012 жылдан бастап сериялы түрде басылып, оқырманға жол тартуда. Содан бері мұрағатта сақталған сары қағаздар сыр шертіп, құнды мағлұматтар анықталып жатыр. «Бүгінгі конференцияның тұжырымдамасы кейін үкімет деңгейінде қаралып, кәдеге асады», - десті форумға жиналғандар.

Әсима НҰРБАЙҚЫЗЫ

Хабарламаларға жазылу