Мобильді аударымдар: 15 сәуірге дейін салық органдарына жолданады
Елімізде мобильді аударымдар қатаң бақылауға алына бастады. Биылғы жылдың бірінші тоқсаны бойынша екінші деңгейлі банктер азаматтардың ақша аударымдары туралы мәліметтерді 15 сәуірге дейін салық органдарына жолдайды. Осыдан кейін тексеру басталып, күмәнді жағдайлар анықталған азаматтарға арнайы хабарламалар жіберіледі. Хабарлама алған әр адамға жауап беру үшін 30 жұмыс күні беріледі. Бұл бірден айыппұл салынды деген сөз емес. Егер азамат өз шотына түскен қаражаттың тауар немесе қызмет үшін алынған табыс екенін мойындаса, онда салық есептілігін тапсырып, тиісті төлемдерді төлей алады немесе ресми түрде кәсіпкер ретінде тіркеледі. Ал егер келіспесе, ақша аударымдарының себебін түсіндіріп, оның кәсіпкерлік қызметке қатысы жоқ екенін дәлелдеуге құқылы. Жаңа талаптарға сәйкес, кез келген адам бірден тексеріле бермейді. Ол үшін үш шарт қатар орындалуы керек. Үш ай ішінде 100 немесе одан да көп түрлі адамнан ақша түсуі тиіс. Сондай-ақ аударымдардың тұрақты түрде үш ай бойы жалғасуы және жалпы сома шамамен 1 млн 20 мың теңгеден асуы тиіс. Сонымен қатар туыстар, достар арасындағы көмек, сыйлық немесе бірреттік түсімдер бұл бақылауға ілінбейді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы