Басты Жаңалықтар Семейде ғылым қалашығы құрылады

Семейде ғылым қалашығы құрылады

Қазақстандағы тұңғыш ғылым қалашығы Курчатов қаласында құрылуы мүмкін. Абай облысында бұл бастама кеңінен талқыланып, өңірдің 2026-2030 жылдарға арналған даму жоспарына енгізілді. Семейде өткен кеңейтілген кеңес отырысында 2027-2035 жылдарға арналған кешенді жоспар жобасы таныстырылды. Жиынға сала мамандары қатысып, ғылыми қалашықты дамытудың негізгі бағыттарын қарастырды.

Берік Уәли, облыс әкімі:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткендей, ғылым – жалпы халықтық іс. Абай облысындағы ғылым, инновацияларды дамыту шаралары 2026-2030 жылдарға арналған өңірді дамыту жоспарын енгізіп, ғылым және технологиялар жөніндегі кеңес жұмыс жасайды. Курчатов қаласына ғылыми қалашық мәртебесін беру туралы тапсырма осы Абай облысының ғылыми әлеуетін толық іске асыруға, заманауи өндірістерді дамытуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға, өңірдің экономикалық өрлеуіне зор мүмкіндік ашады.

Курчатовқа ғылым қалашығы мәртебесін беру арқылы инфрақұрылымды дамыту, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру және ірі инвестициялық жобаларды іске асыруға жол ашылмақ. Атап айтқанда, қуаты 700 мегаватт электр станциясы мен көмір-химия кешені салынады. Жалпы құны 1,1 трлн теңгені құрайтын 76 жоба жүзеге асса, 6 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жиын қорытындысында облыс әкімі Берік Уәли кешенді жоспарды толықтырып, инвестиция тарту мен кадрлық әлеуетті күшейтуді тапсырды.

Жанат Байғазинов, Ядролық технологиялар паркі АҚ басқарма төрағасы:

Курчатов ғылыми қалашығын құру мәселесі талқылануда. Бұл біздің өңір үшін, біздің аймақ үшін үлкен бір мәселе. Семей өңірінің, Абай облысының осы ядролық технологияларға қатысты жүргізіп жатқан жұмыстары көп. Курчатов қаласының инфрақұрылымы және қазіргі уақыттағы басшылықтың атқарып жатқан жұмыстары өте көп. Және де бұл аймақтың ғылыми потенциалы осыған лайық.


Бөлісу