Грекиялық жанкүйерлер Ұлттық арна арқылы Димашты туған күнімен құттықтады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Грекиялық жанкүйерлер Ұлттық арна арқылы Димашты туған күнімен құттықтады

24.05.2019

Бүгін - қазақтың мақтанышы, елімізді әлемге танытқан Димаш Құдайбергеннің туған күні. Атақты Джеки Чан, Андреа Бочелли, Лара Фабиан сынды мықтыларды өнерімен тәнті еткен Димаштың шетелде табынушылары күн санап артып келеді. Бүгін олар әлеуметтік желі арқылы сүйікті әншілеріне құттықтауды жаудырып жатыр. Ал, Димаштың Грекиядағы фан-клубының өкілдері жүрекжарды тілектерін Ұлттық арна арқылы жеткізуді жөн көріпті. Жанкүйерлермен Афинада тілшіміз Нұрсұлу Қасым тілдесті.

Грекияда Димаштың 500-ден астам жанкүйері бар. Мынау сол фан-клубтың Афинада тұратын белсенділері. Сүйікті әншілеріне жылы лебіздерін жеткізу үшін әрі қазақ еліне сапарлаудың мән-жайын білмекке Қазақстан елшілігіне келіпті. Димаштың талантына тәнті жерлестерінің басын біріктіріп, қазақ әншісінің Эллада жерінде кеңінен танылуына Елена бар күш-жігерін сарп етіп жүр. Кумирінің әнін тыңдаған сайын құмары қанып, тіпті өзімен бетпе-бет кездескендей қобалжитынын айтады.

Елена Цюреки, Димаштың Грекиядағы фан-клубының жетекшісі:

- Бір ән тыңдайын деп YouTube-ті ашып едім, «Әлемнің ең үздік дауысы» деген бағдарламадағы Димаштың француз тілінде шырқаған әні шықты. Өз құлағыма өзім сенбедім. Сол күннен бастап Димаштың барлық әндеріне ғашық болдым. Ол жәй ғана орындаушы емес, әнді бар жан дүниесімен, жүрегімен орындайтын шебер әнші. Димаш дәстүрлі ән, опера болсын, кез келген әнді құлпыртып айтып, жүрегімді елжіретеді. Бақыттан көз жасыма ерік беремін.

Талантты қазақ жігіті жайлы Грекиядағы жанкүйерлері сағаттап сыр ақтарудан жалықпайды. Түрлі ұлт, дін өкілдері Димаштың арқасында бір отбасыдай болып кеткен. Жасы да, жасамысы да оның қарапайымдылығына, өнеріне тәнті.

Мари Трака, Димаштың Грекиядағы фан-клубының мүшесі:

- Маған оның ғажап дауысы ұнайды. Димаш сұлулығына, танымалдығына қарамастан өте қарапайым. Құндылықтарға баса мән беретін адал адам. Қазір Қазақстан жайлы көп мәлімет іздеп, оқи бастадым. Димашты бүгінгі туған күнімен құттықтап, ұзақ, бақытты ғұмыр тілеймін. Биіктерді бағындыра берсін.

Джема Избаш, Димаштың Грекиядағы фан-клубының мүшесі:

- Димаштың әнін тыңдасаң, бар қиындықты ұмытасың. Өмірге деген құлшынысың артады. Мен Димашпен бір күнде туғанымды мақтан етемін. Бізге осындай талантты сыйлаған қазақ халқына, Димаштың ата-әжесіне, әке-шешесіне алғысым шексіз. Керемет тәрбие берген. Димаш өзі армандайтын сүйіктісін кездестіріп, ұзақ өмір сүрсін деп тілеймін. Әлі талай белесті бағындыратынына сеніміміз мол.

Грекиядағы жанкүйерлер Димаштың Лондон мен Мәскеудегі концертіне қатысқан. Енді 29-маусымда Нұр-Сұлтанда өтетін ән кешіне баруға қызу дайындалып жатыр. Кумирлерімен еркін әңгімелесу үшін қазақ тілін жетік меңгерсек деген ниетте. Қазақтың қара баласының өнеріне табынушылар болашақта Афинада Димаштың жеке концертін ұйымдастыруды көздейді.

Нұрсұлу ҚАСЫМ

Хабарламаларға жазылу