Басты Жаңалықтар Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 16 пайызға артты

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 16 пайызға артты

Бұхарада Қазақстан Парламенті Мәжілісі мен Өзбекстан Олий Мәжілісі арасындағы Парламентаралық ынтымақтастық кеңесінің үшінші отырысы  өтті. Жиында Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов екі ел арасындағы жоғары деңгейдегі саяси диалогты атап өтіп, бұл байланыстар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Шавкат Мирзиёев арасындағы өзара сенімге негізделгенін айтты. Сондай-ақ ол Қазақстандағы жаңа Ата заңға енгізілген өзгерістерге тоқталып, «Халық Конституциясы» аталған құжат елдегі саяси реформалардың негізі ретінде бағаланды», - деп атап өтті. Кездесуде сауда-экономикалық ынтымақ, өнеркәсіп, логистика және ауыл шаруашылығы, цифрландыру мен IT, туризм, білім және мәдениет салалары талқыланды. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 4,8 млрд долларға жетті яғни, 16%-ға артқан. Ендігі меже көрсеткішті 10 млрд долларға жеткізу. Сондай-ақ жалпы құны 1,8 млрд доллар болатын 78 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. Тараптар туризмді бірлесе дамытуды жалғастырады. Сонымен қатар IT бағытында Astana Hub пен IT Park Uzbekistan бірлескен өңірлік технологиялық хаб құрмақ. Жиын соңында екі жақ стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайтуға уағдаласты. Парламентаралық кеңестің келесі отырысы Түркістанда өтеді.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

Қазақстан Өзбекстанмен ғасырлар бойы қалыптасқан достық байланысты бағалайды. Екі ел басшыларының арқасында стратегиялық әріптестік пен одақтастықтың үлгілі моделі қалыптасты. Өткен жылы Алматыда өткен отырыста біз экономикалық ынтымақтастықтың жай-күйі мен болашағын талқылап, қол жеткізген нәтижелерді сақтап, одан әрі дамыту жолдарын жоспарладық. Бүгінгі үшінші отырыстың да жоспары мазмұнды. Екі тарап бірігіп, барлық салалар бойынша, жан-жақты талдау жүргіземіз.


 


Бөлісу