Басты Жаңалықтар Машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 6 трлн теңгеге жетті

Машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 6 трлн теңгеге жетті

Елімізде машина жасау саласындағы өнім өндіру көлемі былтыр 6 трлн теңгеге жеткен. Қазір отандық өндірістік компаниялардың дамуына ерекше назар аударылып отыр. Бүгін Астанада машина жасау және металл өңдеу саласына арналған халықаралық көрме ашылды. Алаңда Қазақстанмен бірге Германия, Италия, Австрия, Түркия, Қытай секілді елдерден келген 250 компания технологияларын ұсынды. Көрмеге тілшіміз Темірлан Нұржанұлы да қатысып қайтты.

Өндіріс, металл өңдеу және машина жасау салаларындағы тың технологиялар бүгін көпшіліктің назарына ұсынылды. Kazakhstan Machinery Fair көрмесі 4000 маманның басын қосты. 20-дан аса елден шамамен 250 компания жобаларын ұсынып отыр.

Темірлан Нұржанұлы, тілші:

Біз қытайлық компанияның стендіне келдік. Дәл қазір менің қолымда арнайы 3D сканер бар. Осы трекермен байланыстырып, аумақтағы заттардың дәл өлшемін анықтай аламыз. Тәжірибе үшін біз Ұлттық арна микрофонын алдық. Ендеше бастайық. Мінекей, мен батырманы бастым. Осылайша біз микрофонның 3D нұсқасын алдық.

Оливиа Тан, компания менеджері:

Өнімдеріміз аэроғарыш, ауыр өнеркәсіп, энергетика, автокөлік өндірісі, өнер және басқа да салаларда қолданылады. Орталық Азияда бұл технология әлі кең таралмаған. Бірақ Қазақстанда ауыр өнеркәсіп пен автокөлік саласындағы әлеуеті зор. Кәсіпорындар 3D сканерлеу технологиясын өндіріс тиімділігін арттыру үшін пайдалана алады.

Мейрам Пішембаев, Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы:

Біздің кәсіпкерлерге тиімдісі – осы жерде әдемі шыққан машиналар, түрлі құрал-жабдық экономикамызға қажет. Осы жерде көріп, шетелдік инвесторлармен, шетелдік технология иелерімен келісімшарт жасап, еліміздің экономика өндірісінің дамуына жылдан-жылға ықпалы өсіп келе жатқан іс-шара деп есептейміз.

Бейбіт Мүрсәлімов, жоба жетекшісі:

Бізге көмегі – басқа фирма көп келіп жатыр. Қытайлық, ресейлік фирмалар бар. Қазір келіссөздер жүргізіп жатырмыз. Біз су нарығында 17 жыл болды жұмыс істеп жүргенімізге. Үйдің фильтрінен бастап өндірістік, үлкен кәсіптерге дейін жұмыс істейміз.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың сөзінше, Қазақстанда металл өңдеу мен машина жасау саласында 4 мыңнан астам кәсіпорын жұмыс істейді. Шамамен 130 мың адам еңбек етеді. Ал өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл саладағы өнім өндіру көлемі 18%-ға артып, 6 трлн теңгеге жеткен.

Бөлісу