Басты Жаңалықтар Әскери және арнаулы оқу орындарына түсу тәртібі жеңілдейді

Әскери және арнаулы оқу орындарына түсу тәртібі жеңілдейді

Әскери және арнаулы оқу орындарына түсу тәртібі жеңілдейді. IT саласының мамандарын Ұлттық қауіпсіздік қызметіне жұмысқа орналастыру тетігі өзгереді. Экстремистік және террористік материалдарды әкелуге, басып шығаруға, әзірлеуге және таратуға болмайтыны өз алдында. Жаңа құжатта оларды сақтауға қосымша тыйым салуды енгізу ұсынылды. Бүгінгі Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданған жаңа заң жобасы жайлы Самал Қабышева рет-ретімен баяндайды.

Әскери және арнаулы оқу орындарына түсу тәртібі жеңілдейді. Енді үміткерлерде балл тең болса, басымдық жетім балаларға, «Алтын белгі» иегерлеріне, халықаралық олимпиада жеңімпаздарына беріледі. Арнаулы оқу орындары, қарапайым тілмен айтсақ, бұл – жай университет емес, нақты бір қызметке бағыттап оқытатын орын. Мысалы, Ұлттық қауіпсіздік органдарының академиялары, ішкі істер органдарының оқу орындары, әскери институттар жатады.

Болат Керімбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Заң жобасында IT саласындағы талантты жастарды, қабілетті мамандарды арнаулы мемлекеттік органдарға қызметке тарту тетігі ұсынылады. Негізгі арнаулы қызмет саласында негізінен 23 жастан кейін деп көрсетілген. IT мамандарды жұмысқа қабылдау үшін осы жас мөлшерін алып тастау, жалпы әлемдегі цифрландыру жағдайынының қажеттілігіне байланысты болып отыр.

Терроризмнің алдын алу үшін талап қатаңдайды

Бұдан бөлек экстремистік және террористік материалдарды үйінде сақтап келгендерге қатысты талап қатаңдайды. Бұған дейін тек құжаттарды таратқандар ғана жауапқа тартылатын еді.

Олжас Құспеков, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қоғам мен мемлекетке зиян мен залал келтіруге жол бермеу мақсатында экстремистік және террористік материалдарды әкелуге, басып шығаруға, әзірлеуге және таратуға заңнамалық тыйым салудан басқа, оларды сақтауға тыйым салу ұсынылады.

Депутат Ермұрат Бапи қағаз бетіндегі жазбалардан бөлек, аудио-видео материалдарды желіге жүктегендерді де қатаң бақылауға алуды ұсынды.

Ермұрат Бапи, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Түптеп келгенде ұлттық мұрат пен халықтық мұраға орасан зор залалын тигізетін бұл проблеманың тұңғиығы терең және әлдеқайда қауіпті болмақ. Ең бастысы - бұл уағызшы-сымақ тобыр біздің жас өскін ұрпақты, елдің болашағын улауда. Бас прокуратура және тиісті ведомствалармен мемлекеттік органдар онлайн ортадағы осы құйтырқы құбылысты шектеу әрекетіне жедел кірісуі керек.

Мемлекеттік құпияны таратқандарға жауапкершілік күшейтіледі

Енді мемлекеттік құпияны білетін тұлғалар рұқсатсыз шетелге шықса, жауапқа тартылады. Заңға сәйкес, қандай да бір құпияны біле тұра, шетел асқандарға салынатын айыппұл мөлшері екі есеге көбейеді. Ал егер қызметкердің өрескел қылығы қайталанатын болса, жұмысынан айырылуы да мүмкін.

Самал Қабышева, тілші:

Дәл осы заң жобасы Мәжілістің бірінші оқылымында мақұлданды. Енді екінші оқылымға жіберілді. Осы уақыт аралығында депутаттар құжатты талқыға салып, заңға әлі де өзгерістер енгізуі мүмкін.


Бөлісу